Ссылки доступа

HRW Германия канцлері Шольцті Орталық Азияға сапарында адам құқығы мәселесін көтеруге шақырды


Халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы Германия канцлері Олаф Шольцты Орталық Азияға сапары кезінде аймақтағы адам құқығы мәселесін көтеруге шақырды.

Шольцтың Орталық Азияға үш күндік сапары 15 қыркүйекте Өзбекстанда басталады. Одан кейін ол 16-17 қыркүйекте Қазақстанда өтетін "Орталық Азия+Германия" саммитке қатысады. Бұл жиында Орталық Азиядағы бес елдің басшылары болмақ.

"Орталық Азиядағы адам құқығы айтарлықтай алға жылжымаса Германия аймақтағы елдермен жақсы қарым-қатынас құра алмайтынын түсінуі керек. Алдағы болатын саммит сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік болар еді" дейді ұйым.

HRW мәлімдемесінде "аймақта адам құқығына қатысты мәселелер, наразылық білдіргендерді қудалау, белсенділерді түрмеге жабу, қамаудағыларды азаптау, азаматтық қоғамға қысым жасау, әйелдерге зорлық-зомбылық жасау, күштік орган өкілдерінің қызметін асыра пайдалану жалғасып жатқанын", "әділ де еркін сайлаудың жоқтығын" айтады.

Германия Орталық Азия елдерімен энергетика саласындағы қарым-қатынасты жақсартқысы келеді, бірақ Ресейдің Украинаға басқыншылығынан соң Берлин мен Еуропаның басқа елдері энергетика мен минералдарды басқа елдерден іздей бастады.

Қазақстандағы саммитте Шольц Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан басшыларымен энергетика мәселелеріне баса назар аударып, экономика мен қарым-қатынас саласы бойынша келіссөздер жүргізетіні айтылған. Бұған қоса, лидерлер Ресейге салынған халықаралық санкцияларды да талқыламақ.

Шольц Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездесуде өзбекстандық мамандардың Германияға барып жұмыс істеуі бойынша келіссөз жүргізбек. Сондай-ақ Германия канцлері Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Бұған дейін Қазақстан Ресейге салынған санкцияларды дұрыс сақтамай отыр деп айыпталған еді. Бірақ қазір Қазақстанның басқа елдермен энергетикалық байланысы дамып келеді.

Мәселен, Қазақстан мұнайы былтыр Ресейдегі 4 мың шақырымдық "Дружба" құбырымен Беларусь пен Польшадан өтіп, Германияға жеткізілген еді. Шольц мұны Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастың "жаңа деңгейі" деп бағалаған.

Биыл маусымда халықаралық құқық қорғау ұйымдары Орталық Азия елдерін саяси тұтқындар мен түрмеде отырғандарды азаптауды түбімен жою үшін әрекет етуге шақырған. Құқық қорғаушылар Қазақстанда азаптау жиі болатынына алаңдайды.

HRW тамыздағы мәлімдемесінде Қазақстанды ой еркіндігіне шектеу қоймауға, саяси әзіл айтқан стендаперлерді қудаламауға шақырған еді. Бұл мәлімдемеге стендап комигі Александр Меркульдың қамалуы себеп болған.

XS
SM
MD
LG