Ақтөбе полициясы оқушылар арасындағы жанжалға қатысқандардың бәрі анықталды, олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі деп хабарлады. Бірақ жанжалдасқан топта қанша оқушы болғанын нақты атамады.
Биыл 9-сыныпқа барған Нұржан Сыдық 15 жасқа толуына бір ай қалғанда мерт болған. Оқушының өлімінен кейін Қопа орта мектебінің директоры қызметінен кетті. Руслан Қаржауов бұл ұжымды 9 жыл жыл бойы басқарған.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан "Қаржауовтың жұмыстан босату туралы арызы оқушы қаза болғанға дейін жазылған. Ол отбасы жағдайына байланысты басшылық қызметтен кетпек болған" деді. Ал Ақтөбе облысы прокуратурасының мәліметінше, мектеп директоры қадағалау актісімен қызметінен босатылған.
Қопа ауылындағы қайғылы оқиға 2 қыркүйекте болған. Осы жайттан кейін 10-сыныпта оқитын екі бала ұсталған, 5 қыркүйекте тағы бір оқушының күдікке ілінгені белгілі болды.
Бас прокурор Берік Асылов "бұл жағдай тәрбие берудегі кемшіліктерге байланысты болған, салдарынан жасы үлкен балалар кішілерге әлімжеттік жасап, бірін-бірін ұруға мәжбүрлеген" деп мәлімдеді. Асылов Х желісінде оқушы қазасына байланысты қозғалған қылмыстық істі тергеу барысын жеке бақылауыма алдым деп жазды.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылғы желтоқсанда балалардың денсаулығы мен әл-ауқатына байланысты зерттеуінде мектеп оқушыларының 17,5 пайызы оқтын-оқтын буллингіге ұшырайды деген.