Тоқаев қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады, Қазақстанға сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет деді. Президент атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керек дейді.
"Күн өткен сайын экономикамызға мол энергия қажет болып жатыр. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр станциясы жұмыс істеп тұр" деді Тоқаев.
Тоқаев болашақты ойлауымыз керек деп, атом электр станциясын салуға байланысты барынша байыпты шешім қабылдау қажет екенін ұдайы айтып келе жатқанын мәлімдеді. Ол стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деді.
Қазақстан президенті АЭС салу бойынша референдум өткізу қоғамда бір жылдан бері талқыланып жатыр, бұл "азаматтардың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім" деп санайды.
"Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – "халық үніне құлақ асатын мемлекетке" тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз" деді ол.
2019 жылы Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда ресейлік технология бойынша атом электр станциясын салуды ұсынды. Содан бері елде АЭС салынуы мүмкін екені айтылып келеді. 2023 жылы осы мәселеге орай Алматы облысында Балқаш көлінің жағалауында орналасқан Үлкен ауылында қоғам талқысы өтті. Бұл АЭС құрылысы салынуы ықтимал негізгі орын саналады. 2024 жылы Қазақстанның барлық ірі қаласында қоғам талқысы өтті.