Бұл туралы құқық қорғау органдарындағы дереккөздер 29 тамызда ТАСС агенттігіне хабарлаған. Осының алдында Мәскеудегі Басман соты Шахромжон Гадоев, Зубайдулло Исмаилов, Мустаким мен Умеджон Солиевтерді, Хусейн Хамидовты қамауға алу туралы шешім шығарған.
Оларға теракт жасаушыларды қарумен қамтамасыз етті деген айып тағылған. Күдіктінің үшеуі Тәжікстан азаматы.
Дереккөздер мәліметінше, олар биыл 31 наурызда Каспийск және Дағыстанның басқа да өңірлерінде арнайы операция барысында ұсталған. Оларға әуелі Дағыстанда бұлтартпас шарасы қолданылған, бірақ қамау мерзімін созу үшін бәрін Мәскеуге жеткізген.
22 наурызда Мәскеу іргесіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залына қарулы адамдар шабуыл жасап, жұртқа оқ жаудырған. Шабуылдан 145 адам қаза болып, 550-ден астам адам зардап шеккен.
Мамырда Ресейдік Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) басшысы Александр Бортников терактіге байланысты 20-дан астам адам ұсталды деген. Тергеу мәліметінше, істегі 12 айыпталушы қатарында теракт жасағандарға үй, көлік, байланыс құралдарын берген адамдар да бар.
16 тамызда сот төрт айыпталушы – Далержон Мирзоев, Саидакрам Рачабализод, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзовтың қамау мерзімін ұзартқан. Олардың бәрі - Тәжікстан азаматтары.
Тамызда басқа күдіктілер — Әлішер Қасымов, Исроил Исломов, Диловар Исломов және Аминчон Исломов қамауға алынғанына шағым түсірді.
Қазақстанда тыйым салынған "Ислам мемлекеті" террор ұйымы Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіні мойнына алған. Ресей шабуылдың артында Украина тұруы мүмкін деп мәлімдеді. Киев оны үзілді-кесілді жоққа шығарды.