Ссылки доступа

Шымкент соты "полицияны ұрған" Өзбекстан азаматын екі жыл түрмеге жапты


26 тамызда Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 31 жастағы Өзбекстан азаматы Әлішер Сапаровты Қылмыстық кодекстің "Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері" бабымен кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды.

Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейді.

Үкімге келіспеген Сапаров сотта полицейлер оны заңсыз ұстап, тергегенін және ұрып-соққанын айтты. Оның қоғамдық қорғаушысы болып жүрген анасы апелляциялық шағым түсіреміз деді.

Сот құжаттарына сәйкес, 4 шілдеде Сапаров "құжатсыз жүргені үшін" ұсталып, оны қалалық полиция департаментінің арнайы қабылдау орнына апарған. 6 шілдеде ол қабылдау орны қызметкерінің сол жақ бетінен жұдырықтап ұрып, қашпақ болған. Оның бұл әрекеті видеоға түсіп қалған.

Жәбірленуші деп танылған полицей сотта өзін фото-видеоға түсірмеуді сұрады. Сот медициналық сараптама қорытындысына сай, оның "бас сүйегіне зақым келіп, миы шайқалған".

Сапаров өзіне тағылған айыпқа келіспеді, ол полиция қызметкерін ұрмағанын, "итеріп жібергенін" айтты. Полицияның заңсыз ұстап, күш қолданғанына шағымданды.

Судья іс сотқа "билік өкіліне күш қолдану" айыбы бойынша түсті, іс осы айып негізінде қаралады, басқа шағым болса, тиісті орындарға қосымша арыз түсіру керек деп түсіндірді.

Сапаровтың анасы Шахло Сапарованың сөзінше, баласы Ташкенттен Шымкент арқылы Алматыға жолға шыққан. Шымкентте аяғы ісіп, дәрігер көмегіне жүгінген. Тиісті медициналық жәрдем ала алмаған соң полиция шақырған. Сапарованың айтуынша, полиция сол жерде оның ұлын ұстап, ұрып-соғып, қамаған.

"Баламның қолында барлық құжаты болды. Сонда да оны арнайы қабылдау орнына қамады. Оның барлық құқығы тапталды" деді ол. Прокурор жарыссөзде Сапаровты кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы Сапаровтың №13 емхана қызметіне жүгінгенін растады. Ол айқай шығарған соң дәрігерлер полиция шақыруға мәжбүр болды деді.

Полиция департаменті Сапаровты "ұстау кезінде полицияның күш қолданғаны" жөнінде Азаттық сұрағына жауап бермеді.

XS
SM
MD
LG