Ссылки доступа

Тәжікстанды дамыту және реформалау қозғалысы Ұлттық альянстан шыққанын мәлімдеді


Тәжікстанды дамыту және реформалау қозғалысы Тәжікстан ұлттық альянс құрамынан шығатынын мәлімдеді. Альянс шетелдегі төрт оппозициялық партия мен қозғалысты біріктіреді.

Қозғалыс жетекшісі Шарофиддин Гадоев осындай шешім қабылдауға Ұлттық альянстың "демократия ережесін бұзуы" мен "диктатура құруға көмектесуі" себеп болды деп мәлімдеді.

Тәжікстан ұлтық альянсы алты жыл бұрын Варшавада құрылған. Бір жылдан кейін Тәжікстанда оны террористік-экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған.

Осының алдында альянс баспасөз хатшысы Сәлім Сұлтанзода Гадоевке қатысты шешім 10 тамызда қабылданғанын, ол альянс құрамынан "қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін" шығарылғанын хабарлаған.

Алайда Шарофиддин Гадоев өзін ұйымнан Кабириді альянс жетекшісі қызметінен алуды талап еткені үшін шығарды деп отыр.

Ұлттық альянс басшысы Мұхиддин Кабири мұндай айыптауға жауап бермеді.

Тәжікстанда кәсіппен айналысқан Шарофиддин Гадоев елден 2012 жылы кеткен. 39 жастағы белсенді Амстердамда тұрады.

XS
SM
MD
LG