Заңға енгізілген жаңа өзгеріске сәйкес, Тәжікстанда "ұлттық мәдениетке қайшы киімді елге кіргізуге, насихаттауға және сатуға" тыйым салынды.
Бұған дейін заңның осы ережесін сақтамағандарды әкімшілік жауапкершілікке тартумен ғана шектелсе, енді қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отыр. Заң ережесен бұзғандар ірі көлемде айыппұл төлеп, үш жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Фаррух Шарифзоданың мәлімдеуінше, заңның жаңа нұсқасы ұлттық құндылықтарды сақтауды, экстремизмді болдырмауды көздейді.
"Өкінішке қарай, кейінгі уақытта әлемнің көптеген елінде біздің ілгері өрлеуімізді қаламайтын деструктивті топтар орынсыз пікір айтып, тіпті әрекетке көшуге үндеп жүр" дейді шенеунік.
"Осындай топтар Тәжікстанда сатр, хиджаб киюге тыйым салды, қажылықты шектеді деп жалған мәлімет таратты. Осыған байланысты, мұның бәрі жалған екенін мәлімдеймін".
Бұған дейін Мұсылман ғалымдардың лигасы, Азаматтар құқығын қорғау жөніндегі мұсылман тобы, Құрама Штаттардың халықаралық дін еркіндігі жөніндегі комиссиясы Тәжікстанда қабылданған заңды сынаған, ал Ауғанстанда "Талибан" қозғалысына жақын дін өкілдері тіпті Тәжікстанға "жиһад" жариялап үлгерген.
Тәжікстан үлемдер кеңесінің басшысы Саидмукаррам Әбдуқодирзоданың айтуынша, заң дін еркіндігін шектеуді емес, экстремизмді болдырмауды көздейді.
"Дипломатиялық корпустардың кейбірінің өкілдері елінде шариғатқа сәйкес ұлттық киім үлгісі сақталатынын жақсы біледі. Ислам қандай да бір киім үлгісіне немесе мұсылман әйелдердің орамалы - сатрға басымдық бермейді".
Тәжікстан қоғамын алаңдатқан даулы заң президенттің ұсынысымен 2007 жылы қабылданған. Үкімет жақтастары оны әлем құқығы тарихында кездеспейтін "ұлттық заң" деп атайды. Билік бәсекелестері болса дастарханы, үстелі, қабірі қандай болу керектігін анықтау арқылы үкімет азаматтардың жеке өміріне араласты деп сынайды.