6 тамыз күні Парижде Назым Қызайбай жартылай финалда Қытай боксшысы Ю Вумен шаршы алаңға шығып, есе жіберді. Бес төрешінің төртеуі 2023 жылы әлем чемпионы және Азия ойындарының чемпионы болған қытай боксшысы жеңді деп шешті. Бапкерлер де, боксшының өзі де төрешілер шешіміне қатысты сын айтқан жоқ.
– Қытай қызы алдап кетті, – деді Назым қарсыласының рингтегі әккілігін меңзеп.
Бокста жартылай финалда жеңген боксшыға бірден қола медаль беріледі. Демек, 30 жастағы Қызайбай – Париж олимпиадасының қола жүлдегері.
Бірақ Назым қола жүлдеге көңілі толмай, журналистерге сұхбат беріп тұрып жылап жіберді.
– Шүкір етемін не болса да, бірақ алтын алып, бокстан әйелдер арасында қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпион болғым келген. Абиба (дзюдошы Абужақынова – ред.) екеуміз олимпиадаға келгенде "бізге чемпион болу нәсіп етсін" деп айтқан едік. Мен жартылай финалға шығып қола медаль алған соң көп адам "алтын жүлде күтеміз" деп жазып кетті. Сол да ауыр келді ме, білмеймін... Содан қатты жеңгім келіп, жекпе-жек ойдағыдай болмай қалды. Париждегі бұған дейінгі кездесулерде мұндай қысым болмаған еді, – деді боксшы.
Назым Қызайбай 2014 және 2016 жылы әлем чемпионы атанған. Бірақ ол олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігін бірнеше рет пайдалана алмаған еді. Париждегі ойындар – оның алғашқы олимпиадасы.
Бұл – Қазақстанның әйелдер боксынан олимпиада ойындарында алған үшінші қоласы. 2012 жылы Лондон олимпиадасында Марина Вольнова, 2016 жылы Рио олимпиадасында Дариға Шәкімова қола медаль иеленген.
Париж олимпиадасында 7 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда бір алтын, бір күміс, үш қола медаль бар. Дзюдодан Елдос Сметов 60 келіде чемпион атанса, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев қола медаль иеленген. Спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов күміс, нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле командалық жарысқа қола медаль алған.
Париж олимпиадасы 11 тамызда аяқталады.
Париж олимпиадасында бокстан әйелдер арасында 50 келі салмақта қазақстандық Назым Қызайбай қола медаль иеленді. Бокс құрамасы сәтсіздікке ұшырап, қазақстандық боксшылардың көбі жүлдесіз қалған тұста Қызайбай алтын ала алмағанына қапаланды.