Bloomberg, Sky News, CNN және Батыстың тағы бірнеше ақпарат құралы мұның алдында өз дереккөздеріне сүйеніп, Ресей түрмелерінде отырған саяси тұтқындардың "жоғалып кеткені" туралы айта бастаған. Олар тұтқын алмасуға дайындалып жатыр деген болжам айтылған.
Сарапшылар тамыздың 1-інде тұтқын алмасуға қолданылған ұшақтар әрлі-берлі ұшып жатқанына сілтеп, тұтқын алмасу басталғанын хабарлаған. Басылымдар екі жақта алмастырылатын тұтқындардың аты-жөнін де жариялады.
Босатылғандар арасында The Wall Street Journal басылымының тілшісі Эван Гершкович, америкалық Пол Уилан, оппозициялық саясаткер, Ресей және Британия азаматы Владимир Кара-Мурза аталды. The Wall Street Journal тілшісі босатылғанын растады.
Бұған қоса Ресей жағы 10 саяси тұтқынды шығарды. Олардың арасында мыналар аталады:
- Саясаткер Илья Яшин
- "Открытая Россия" өкілі Андрея Пивоваров
- "Мемориал" өкілі Олег Орлов
- Суретші Александра Скочиленко
- Навальныйдың Уфадағы штабының басшысы Лилия Чанышева
- Навальныйдың Томскідегі штабының басшысы Ксения Фадеева
- Тыңшылық үшін ұсталған жасөспірім Кевин Лик (Ресей және Германия азаматы)
- велобелсенді Герман Мойжес
- Навальныйдың Барнаулдағы штабының басшысы Вадим Останин.
1 тамызда тұтқын алмасу құрметіне Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында АҚШ президенті Джо Байден: "Мұны жүзеге асыруға мүмкіндік берген келісім – дипломатиядағы ерлік" деп мәлімдеді. Байден "жалған сот процестерін" өткізіп, Гершкович, Уилан және Азаттықтың Татар-башқұрт қызметінің журналисі Құрмашеваны түрмеге қамаған Ресейді сынады және олардың үшеуін де "тыңшылық жасады деп жалған айыпталғанын" айтты.
Тұтқын алмасу қамауда болғандардың отбасына "үлкен жеңілдік әкелді" деді АҚШ президенті. Оның айтуынша, туыстары Байден сөз сөйлерден бірер минут бұрын ғана Ақ үйдегі Овал кабинетте түрмеден босаған жақындарымен телефонмен тілдескен.
Ресей босатқан азаматтардың туыстары, соның ішінде Алсу Құрмашеваның күйеуі Павел Буторин (ол да Азаттықта жұмыс істейді), қыздары Бибі мен Мириям да Байден өткізген баспасөз мәслихатына қатысты.
Буторин қыздарымен бірге "АҚШ пен оның одақтастарының батылдығы мен жанашырлығына куә болғанын" айтты және "еркін ел адам өмірі мен отбасын басқалардан жоғары қоятынын дәлелдеді" деді.
Азат Еуропа/Азаттық Радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус Ресей мен АҚШ арасындағы тұтқын алмасуда Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашева босап шығады деген хабарға байланысты мәлімдеме жасады. "Алсу жақын арада босап шығады деген жаңалыққа қуанып отырмыз. Америка үкіметіне және Ресейдің оған әділетсіз әрекетін тоқтатуға аянбай еңбек еткендердің бәріне алғыс айтамыз" деді Капус. Татарстан Жоғарғы соты Құрмашеваны "Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты" деген айыппен алты жылға соттаған. Журналист тағылған айыпты мойындамаған.
Бұлардан бөлек Ресейде есірткі зат тасымалдады деп айыпталған Германия азаматы Патрик Шебель және Беларусьте алдымен өлім жазасына кесіліп, кейін "кешірім алған" Германия азаматы Рико Кригер бар.
АҚШ пен Германиядан Ресейдің 8 азаматы Мәскеуге берілді, олардың арасында Ресейдің мүддесіне тыңшылық жасауға қатысы бар деп айыпталғандар бар.
Мәселен Шешенстанның дала командирі Зелимхана Хангошвилиді өлтірді деп айыпталып, 2021 жылы Германияда өмір бойы түрме жазасын алған Вадим Красиков босатылды.
Одан бөлек:
- Ерлі-зайыпты Артем және Анна Дульцевтер,
- Тыңшылықпен айналысқан Павел Рубцов / Пабло Гонсалес,
- Хакер Роман Селезнев,
- бизнесмен Владислав Клюшин,
- контрабандашы Вадим Конощенко,
- өзін Бразилия азаматы деп таныстырған Михаил Микушин Ресейге жіберіледі.
Ресейге жіберілетін екі адам – кәмелетке толмаған балалалар. Бұл Дульцевтердің екі баласы болуы мүмкін.