Қарағандының 13 жастағы тұрғыны Әнел Мусинаның ата-анасы қызын сабақтан қалғаны үшін оқудан шығарып жіберген мектеп әкімшілігін сотқа беріп, жеңіп шықты. Мектеп әкімшілігі 7-сынып оқушысын басына тартқан ақ орамалын шешпеді деп сабаққа кіргізбей қойған.
Әнелдің әкесі қызын оқуға қайта қабылдау туралы сот қаулысын алып, мектепке барған. Ол бір жыл бойы оқу бағдарламасынан қалып қоймас үшін жеке мұғалімдерден сабақ алған қызын мектепке қайта қабылдауды сұрап өтініш жазған. Бірақ мектеп әкімшілігі Болат Мусиннің өтінішін қабылдамаған.
Оқу жылы аяқталғаннан кейін маусымның аяғында, Қарағандының әкімшілік соты Болат Мусиннің арызын қанағаттандырған. Болаттың қызын 2023 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарып жіберген. Оқудан шығармас бұрын, мектепте діни сипаттағы киім киюге болмайды деп, Әнелге тәртіптік жаза қолданған. Ата-анасы мектеп әкімшілігінің Әнелді сабаққа кіргізбей қойғанын видеоға түсіріп, полиция шақырып, акт толтырған.
Сот қыздың киіміне, басындағы орамалына қарап, ата-анасының арызын орынды деп тапқан. Судья Әнелді мектептен шығару туралы бұйрықты заңсыз деп тауып, оның күшін жойған. Сондай-ақ мектеп әкімшілігін оқушыны қайта қабылдап, 8-сыныпқа көшіруге міндеттеген. Сот бұл шешімін Конституцияда тегін орта білімге кепілдік берілген деп түсіндірді. Ол білім беру ұйымына оқу формасы талабын бұзған оқушыны оқу процесінен шеттету құқығы берілмеген деді.
"Іс материалдарына қарағанда, оқушы Әнел Мусинаны орамал тартқаны үшін оқудан шығарып жіберген. Мектеп әкімшілігінің әрекеті оқушының орта білім алу құқығын бұзған", – деп жазылған сот қаулысында.
Қарағанды сотының шешімінде оқушыны оқу формасы талабын бұзғаны үшін оқу процесіне қатыстырмау фактісі жайлы білім саласындағы мемлекеттік органдарға хабар берілгені жазылған.
"Білім бөлімінің ақпаратына сәйкес, жеке қаулыда көрсетілген мектеп директорлары тәртіптік жауапкершілікке тартылған", – деп жазылған сот қаулысында.
Азаттық тілшісі Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен "Әнел Мусина мектепке қайта қабылдана ма?" деп сұрады. 25 шілдеде мектептен жауап келді.
"Назарбаев зияткерлік мектебі" автономды білім беру ұйымы бірінші инстанциядағы сот шешіміне келіспейді және апелляциялық арыз береді. Ата-ананың оқушыны мектепке қайта қабылдау туралы өтініші қабылданған жоқ, өйткені сот шешімі әлі күшіне енбеген", – деді мектеп әкімшілігі (жауап хат мәтіні қаз-қалпында берілді – ред).
Қазақстанда орамал дауы мектептермен қоса колледждерде де кездеседі. Мысалы, жақында Қарағандыда ата-аналар екі жеке меншік колледж абитурент қыздардың орамал тартқанына бола құжаттарын қабылдамай қойды деп шағынды. Ата-аналар балаларының білім алу және мамандық таңдау құқығына шектеу қоймауды сұрап, облыстық білім басқармасына, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне және дін істері жөніндегі басқармаға жүгінді. Құзырлы органдар әзірге ресми жауап берген жоқ.
Қазақстанның бірнеше өңірінде сот мектеп әкімшілігінің басына орамал тартқан шәкіртті сабаққа кіргізбей, оқудан шығаруын заңсыз деп тапқан. Бірақ сотта жеңіп шыққан ата-ана мен мектеп арасындағы тартыс тоқтар емес. Неге?