Жапаров мүлікті сатып алу мен жалға кеткен ақша үнемделеді деді.
"Бір ғана мысал келтірейін. Қалғандары осыған саяды. Мысалы, Нью-Йоркте БҰҰ-дағы біздің өкілдік бар. Оған 30 жылдан бері пәтер жалдап келе жатыр екенбіз. Айына 5 мың доллар төлеп жатырмыз. Өзіңіз санап көріңіз, 30 жылда қанша жұмсалғанын. Бір ғана өкілдікке 4 пәтердің ақшасы кетіпті. Егер о бастан 1 пәтер сатып алып бергенде, 10 жылда өзін ақтап, түбегейлік мемлекеттің меншігі болып қалушы еді. 4 пәтердің ақшасы жалға беруге кетіп қалды", - деді президент.
Оның сөзінше, Қырғызстанның 30 елде елшілігі, 11 елде консулдықтары және БҰҰ-да өкілдіктері бар. Олардың тұратын жеріне мемлекеттен қаржы бөлініп келеді. Мәскеу, Берлин және Брюссель қалаларында Қырғызстанның жеке ғимараттары бар.
Жапаров бұдан әрі жалға пәтер алудан кетіп, барлық өкілдіктерге ғимарат сатып алуға тапсырма берген. Қазір осы бағытта жұмыстар жүріп жатқанын айтты.
Президент Садыр Жапаров 26 шілдеде Францияға жұмыс сапары аясында Парижде жаңадан сатып алынған кеңсеге барды.
Қырғызстанның Франциядағы елшісі Садық Шер-Нияз елшілік осыған дейін жалға алынған 53 шаршы метр жерде жұмыс істеп келгенін, жаңадан сатып алынған ғимараттың көлемі 320 метр екенін айтқан.