Ревизиялық шағымда үкім "негізсіз, заңсыз және әділ болмағандықтан" күші жойылуы қажет екені жазылған.
Сот сонымен бірге Дәулетмұрат Тәжімұратовты видеоның көмегімен сотқа қатыстыру туралы адвокаттың өтінішін орындамады.
Сотқа төрағалық еткен судьяның айтуынша, адвокат түсірген ревизиялық шағымда Тәжімұратовтың орыс тілінде қолмен жазған "Маған бәрібір...Менсіз бола берсін" (Мне не холодно, не жарко, пускай без меня…) деген сөзі бар. Сот мұны оның сотқа қатысудан бас тартуы деп бағалаған.
Қарақалпақстанда 2022 жылғы наразылыққа байланысты 16 жылға сотталған белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов кей мәліметке қарағанда, Науаидағы колонияда отыр.
Шілде айында оны Науайдан басқа колонияға ауыстырған болуы мүмкін екені хабарланған. Оның нақты қайда екені белгісіз.
2023 жылы Өзбекстан соты Тәжімұратовты "Өзбекстанның конституциялық құрылымын басып алмақ болды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыптар бойынша кінәлі танып, 16 жылға соттаған. Сол жылы жоғарғы сот үкімді күшінде қалдырған. Белсендінің адвокаты Тәжімұратов бір адамдық камерада отырғанын және сыртқы әлемнан оқшауландырылғанын айтқан.
Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары, арасында Human Rights Watch та бар, оны босатуды талап еткен. АҚШ мемлекеттік департаменті Өзбекстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебінде Дәулетмұрат Тәжімұратовты саяси тұтқындар туралы бөлімде атап өткен. Еуроодақтың Орталық Азиядағы стратегиясы туралы 2024 жылдың қаңтарында қабылданған қарарында Еуропарламент депутаттары Өзбекстанды Дәулетмұрат Тәжімұратовты босатуға шақырған.
Ресми мәлімет бойынша, Қарақалпақстанда 2022 жылы шілдеде болған наразылық кезінде 21 адам атып өлтірілген, жүздеген адам жарақаттанған. Венада шоғырланған Freedom for Eurasia үкіметтік емес ұйымы Қарақалпақстандағы наразылықты басып-жаншу кезінде кемінде 70 адам өлтірілгенін мәлімдеген.