Ссылки доступа

Министр қатерлі ісікті емдейтін қазақстандық дәріден нәтиже барын айтты


Саясат Нурбек
Саясат Нурбек

Қазақстан ғалымдары жасап шығарған онкологияға қарсы дәріні сынақтан өткізудің бірінші кезеңіне сәйкес, қатерлі ісіктің қалыптасуы орта есеппен 30 пайыз азайған. Бұл жайлы 16 шілдеде үкіметте өткен брифингте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Бірінші кезеңдегі зерттеуге онкологияға шалдыққан 15 адам қатысқан. Оған тоқішек қатерлі ісігінің 4-сатысы анықталған науқастар ерікті ретінде қатысқан.

Министрдің айтуынша, тестілеудің бірінші кезеңі сәтті өтіп, мамандар 1 шілдеде екінші кезеңді бастаған. Оған қатысуға бес мыңнан аса науқас тіркелген, бірақ 3 мыңға жуық адам қатысады.

Зерттеу тобының екінші кезеңді жүргізуіне шамамен 2 млрд теңге бөлінбек. Сынақ Астана, Алматы және Павлодарда өтеді деп жоспарланған.

Саясат Нұрбектің сөзінше, Қазақстан 2025 жылы дәріні ресми тіркеуі мүмкін.

"Екінші кезең жыл соңына дейін аяқталады, деректердің бәрін тексеретін боламыз. Бұл дәрі-дәрмекті келесі жылы тіркеуге шығарамыз деген сенімдеміз", – деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын 40 мыңға жуық Қазақстан азаматына қатерлі ісік диагнозы қойылады, одан 13 мың адам қайтыс болады.

Егер бұл дәрі сынақ кезінде тиімділігін көрсетсе, онкологияны емдейтін әлемдегі бірегей дәрінің бірі болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG