Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Марат Әйтенов отбасылық жанжал кезінде әйеліне дөрекі сөйлеп, ар-намысын қорлаған.
Әйтенов сотта кінәсін мойындамаған.
"Ол бұрынғы әйелі балаларын беруден бас тартып, қолынан тартқан. Ол балаларды тартып алу үшін, әйелдің аяғын тартқан. Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі үйіне заңсыз келіп, ұрып, денесіне зақым келтірген", - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Сот Марат Әйтеновті Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы, 1-бөліміне ("Отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста заңға қайшы әрекет жасау") сәйкес кінәлі деп тапқан.
Осының алдында Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Атешова Марат Әйтенов өзін және үш баласын үйінен күштеп шығарғанын хабарлаған. Бұл оқиғаның барысын өзінің instagram парақшасына жариялаған.
Видеодағы көрініске қарағанда, оқиға орнында болған сот орындаушылар мен полиция қызметкерлері Әйтеновті тоқтатпаған.
Ашық мәліметтерге қарағанда, Марат Әйтенов "Самрұқ-Қазына" АҚ-да Атқарушы директор, "Ұлттық инновациялық қор" АҚ-да Басқарушы директор, "Экономикалық зерттеулер институты" РМК-да бас директордың орынбасары қызметінде болды. 2011 жылдан бастап "Қазақстанның даму банкі" АҚ басқармасының мүшесі болған.
Мараттың туған бауыры Мұрат Әйтенов көптеген жылдар президенттің іс басқармасында жұмыс істеген, 2020- 2023 жылдары Шымкент қаласының әкімі болған.