Ссылки доступа

Қазақстанда «әйелдер вагонына» сұраныс көп


«Қазақстан темір жолы» компаниясының хабарлауынша, Астана — Семей, Ақтөбе — Алматы, Алматы — Шымкент бағыттарында қатынайтын пойыздарда «әйелдер вагоны» ашылды. Осылайша әйелдер мен балалар ғана мінетін вагондар саны сегізден 11-ге жетті.

ҚТЖ әйелдер вагонына сұраныс жоғары екенін мәлімдеді.

«Әйелдер вагонына билет әйелдерге ғана сатылады. Олар жеті жасқа дейінгі балаларымен бірге сапарлай алады. Мұндай вагондарда жолсерік әйел болады» деп хабарлады компания.

Қазақстанда әйелдер вагоны 2021 жылы пайда болды. Вагондардың мұндай түрі әйелдерге жолда мейлінше ыңғайлы болуы үшін ашыла бастаған. Билет құнында айырмашылық жоқ.

2018 жылы «Тұлпар-Тальго» пойызында 35 жастағы әйелді купеде екі жолсерік зорлап кеткеннен кейін Қазақстанда әйелдерге арналған вагондар керектігі туралы жиі айтыла бастады. Өткен айда екі жолсерік те бостандыққа шыққаны мәлім болды. 2019 жылы олар бес жылға бас бостандығынан айрылған. Белсенділер жазаның тым жұмсақ екенін айтып, судьяны жұмыстан шығаруды талап еткен.

ҚТЖ мәліметінше, Қазақстанда биыл 70 мыңға жуық жолаушы әйелдер вагонына билет сатып алған. Көрсеткіш былтырға қарағанда екі есе артқан.

XS
SM
MD
LG