Ресей қауіпсіздік кеңесі ІІМ мен басқа да мекемелерге мәселені зерттеп, шетел жұмысшыларының туыстарының елге кіруін шектеуді көздейтін заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
Ресей билігіне қатысы бар Baza телеграм-арнасының хабарлауынша, еңбек мигранттарының балаларын мектепке қабылдар бұрын олардан орыс тілінен емтихан алуды қарастыратын заң жобасы мемлекеттік думаға түскен.
Кейінгі бірнеше айда Ресейде мигранттарды елден шығару қажеттігі туралы жиі айтылып жүр. Мәселен, дума вице-спикері Петр Толстой елдегі еңбек мигранттары санын қысқарту үшін «жалғаз келіп, жалғыз кет» ережесін енгізуді ұсынған. Ресейдегі шенеуніктердің дені мигранттарға қарсы заңнамаларды қолдап отыр.
Ресей ІІМ мигранттарды елден депортациялауға негіз бола алатын тағы 20 ережесі бар заң жобасын думаға енгізген. Құқық қорғаушылар мигранттарды болмашы тәртіп бұзушылық үшін елден шығаруды көздейтін заң жобасын сынап отыр.