Пікір-сайысты ұйымдастырған CNN телеарнасының жүргізушілері үміткерлерден Американың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді сұрады. Атап айтқанда, инфляцияның өсуі, әйелдердің түсік жасату құқығына көзқарасы, заңсыз миграция, Украинаға көмек, климаттың өзгеруіне қарсы күрес секілді сұрақтар қойылды.
Президент Байден өзінің басқаруымен елдің COVID пандемиясы салдарымен тиімді күрескенін, инфляция төмендеп жатқанын, қариялар үшін дәрі-дәрмек құнын түсіруге себепші болғанын жеткізді. Джо Байден алдағы сайлауда тағы президент болып сайланатын болса, табысы жоғары азаматтардың салығын көтеру арқылы, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыратынын айтты.
Ал бұрынғы президент Трамп болса, қазіргі экономикалық өсімнің негізін өзі президент болып тұрғанда салып кеткенін жеткізді. Ол Джо Байденді заңсыз миграцияға жол берді деп айыптады. Бұл тұрмысы төмен америкалықтарға қиын тиіп жатыр деді.
Пікір-сайыста ең эмоционалды болған тұсы - Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы. Дональд Трамп егерде өзі Ақ үйде отырған кезде, Ресей Украинаға басып кірмеуші еді деген пікірін білдірді. Ол Байденнің саясаты үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келе жатыр деді.
Бұған қатысты Джо Байден Трамптың Украинаға көмектескісі келмейтін ниеті Путиннің НАТО-ға мүше елдерге кіріп, үшінші дүниежүзілік соғысты бастауына алып келуі мүмкін еді деп жауап берді.
Трамп Путинді қылмыскер деп, егер президент болатын босла, Украинадағы соғысты тоқтатуға алып келетінін жеткізді.