Ссылки доступа

Қазақстан АҚШ-тың Газа секторында атысты доғару жөніндегі бастамасын қолдады


Астана әлемдік қауымдастықтың Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуды көздейтін шараларын қолдайтынын мәлімдеді. 4 маусымда кешке сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеде Қазақстан Құрама Штаттардың бейбіт бастамасын құптады.

Мамырдың аяғында АҚШ президенті Джо Байден Газа секторында атысты доғару және кепілдегі азаматтарды босату жөніндегі жаңа жоспарын жариялады. Ол АҚШ пен Еуропа террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС тобын ұсынысты қолдауға шақырды.

«Ақ үйдің Израиль мен ХАМАС арасында атысты доғару, тұтқындарды босату, гуманитарлық көмек беру, сонымен бірге халықаралық қауымдастықтың көмегімен Газа секторын қалпына келтіруді көдейтін басты ережелерін қолдаймыз» деп жазылған Қазақстан СІМ мәлімдемесінде.

Қазақстан ұзақ жылдарға созылған жанжалды шешудің жалғыз жолы – «екі халық үшін екі мемлекет» форумалы негізінде Палестина мемлекетін құрып, Шығыс Иерусалимді оның астанасы деп бекіту керек деп есептейді.

АҚШ, Египет және Катар қос тарапты Газа секторында атысты доғарып, тұтқындағы азаматтарды босатуға келісуге шақырды.

Байден ұсынған жоспар үш кезеңнен тұрады. Газада әскери әрекеттерді доғару, Израиль әскерін сектордан шығару, ХАМАС ұстап отырған тұтқындардың бәрін босату да соған кіреді. Египет, Катар және басқа да елдердің араласуымен ұйымдастырылған келіссөздер қайта-қайта тығырыққа тіреле берді. Тараптар мәміленің жоқтығына бірін-бірі айыптаумен болды.

Осының алдында ғана Израиль қорғаныс армиясы тағы төрт тұтқын өлгенін жариялады. Израиль жағының мәліметінше, ХАМАС тұтқынында әлі жүзден астам азамат отыр. 41 тұтқынның өлгені анықталды.

Былтыр 7 қазанда ХАМАС содырлары Израильдің оңтүстігіне шабуылдап, 250-ге жуық азаматты Газа секторына тұтқындап алып кетті. Олардың арасында Израильдің ғана емес, басқа да елдердің азаматтары бар. Қараша айында кепілге алынғандардың жартысына жуығы Израиль түрмелерінде отырған палестиналықтарға алмастырылды. Израиль ХАМАС бақылауындағы Газа секторында әскери операция бастап, «ХАМАС-ты толық жоюды көздейтінін» мәлімдеді. Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль шабуылдарынан 36 мыңнан астам палестиналық қаза болды. Мәліметті соғыс кезінде растау мүмкін емес.

XS
SM
MD
LG