Ссылки доступа

Алматыға Ресей мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин келді


Вячеслав Володин (оң жақта) Владимир Путиннің инаугурациясында тұр.
Вячеслав Володин (оң жақта) Владимир Путиннің инаугурациясында тұр.

2 маусымда Алматыға Ресей мемлекеттік думасының жетекшісі және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) парламенттік ассамблеясының төрағасы Вячеслав Володин жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы мемлекеттік дума сайты жазды.

Дүйсенбі, 3 маусымда Володиннің төрағалығымен Алматыда ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясы кеңесінің отырысы өтеді. Жиынға қатысатындар "заңнаманы үйлестіру және ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен қоқан-лоқыға қарсы іс-қимыл шаралары" мәселелерін талқылайды. Мемлекеттік дума спикері бірнеше кездесу де өткізбек.

2022 жылы ақпанда Кремль "Донецк халық республикасы" (ДХР) мен "Луганск халық республикасын" (ЛХР) тәуелсіз ел деп мойындағанда, Володин Мәскеудің шешімін қолдамайтын басқа елдерге ескерту жасап, оларды "бәріне жақсы көрінуге тырыспауға" шақырды, ол мұндай ұстанымның "соңы нашар болады" деп айтқан еді.

Вячеслав Володин 2010-2016 жылдары Ресей президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды. 2016 жылы қыркүйекте ол мемлекеттік дума төрағасы қызметіне келді, 2021 жылы сол лауазымға қайта тағайындалды. Ол 2016 жылғы қарашадан бері ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясының төрағасы.

2019 жылы мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин Киевті аннексияланған Қырым экономикасын бұзды деп айыптап, одан өтемақы алуды ұсынды. Украина, АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания, Австралия, Канада оған санкция салған.

XS
SM
MD
LG