"Бұл мәселеге байланысты сұрақты Қазақстан сыртқы істер министрлігіне қойғаныңыз жөн. Саммит форматы қандай болады, оған кімдер қатысады, кімдерді шақырып жатыр, ол жердегі келіссөздердің негізгі контексі қандай болады, бұл мәселелерге байланысты көбірек ақпарат керек сияқты. Ақпарат болып жатса, бұл сұраққа жауап беруге болады", – деді Әшімбаев 30 мамырда.
Швейцарияда өтетін саммитке Қазақстанның қатысатыны я қатыспайтыны жайлы сұраққа СІМ әзірге жауап берген жоқ.
24 мамырда Украина президенті Владимир Зеленский Харьковте Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан журналистеріне берген сұхбатында Швейцарияда өтетін "Жаһандық бейбітшілік саммитіне" Орталық Азия басшыларының қатысқанын қалайтынын мәлімдеген.
Швейцария 15-16 маусым күндері өтетін саммитке әлемнің 160-тан астам елі мен халықаралық ұйымдарын шақырған, Зеленскийдің айтуынша, шамамен 80 ел саммитке қатысатынын растаған. Тізімде Ресей президенті Владимир Путин жоқ.
Зеленский Орталық Азия журналистеріне берген сұхбатында "лидерлеріңіз баланс сақтамайды, меніңше, олар Кремльден жасқанады, сол себепті орыстардың ыңғайына жығылады. Бәрі өзгереді деп үміттенем әрі ешкімді жазғырмаймын. Біз өз таңдауымызды жасадық, сол үшін күресіп жатырмыз" деді.
Орталық Азия президенттерінің ешбірі Ресейдің Украинаға ашқан соғысын ашық сынамаған және қолдау да танытпаған. Бірақ БҰҰ қағидаларына сай, Украинаның аумақтық тұтастығы бұзылмауға тиіс деген ұстанымын білдірген.
2022 жылы жазда Санкт-Петербургте өткен экономикалық саммитте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаның шығысындағы Ресей басып алған аумақтардың "тәуелсіздігін" Қазақстан мойындамайды деп мәлімдеген.
Зеленский "бейбітшілік саммитіне" АҚШ пен Қытай басшыларын да шақырды. Осыған дейін Bloomberg агенттігі АҚШ президенті Джо Байден өз сайлау кампаниясына қаражат жинау шарасына қатысатындықтан Швейцариядағы саммитке бармайды деп жазған.
Қытай билігі әзірге Швейцариядағы кездесуге баратынын я бармайтынын жариялаған жоқ. Алайда 23 мамырда Қытай мен Бразилия ортақ мәлімдемесінде бейбітшілік келіссөзіне Киев пен Мәскеудің қатар қатысуы маңызды екенін айтқан. Қытай сыртқы істер министрі Ван И мен Бразилия президентінің бас кеңесшісі Селсу Аморим қол қойған мәлімдемеде мұндай келіссөз "Украина дағдарысын шешудің жалғыз маңызды амалы" деп көрсетілген.