Ссылки доступа

Тәжікстанның оңтүстігінде бір оқушыны сыныптасы пышақтаған


Тәжікстанда Яван ауданының құқық қорғау органдары оқушылар төбелесін тексеріп жатыр.

25 мамырда аудандағы №75 мектептің сегізінші сынып оқушысы сыныптасымен төбелесіп қалып, алты жерден пышақталған. Шабуылдаған бала ұсталған.

Осы оқиғадан кейін аудандық білім басқармасының басшысы Гүлшан Бобизода қызметтен босатылды.

Аудандық әкімшіліктегі дереккөз мәліметінше, жәбірленуші базардың бұрынғы бухгалтерінің, ал шабуылдаған оқушы аудандық орталық базардың бастығының баласы.

Қазір пышақталған баланың жағдайы бірқалыпты. Оны аурухананың жансақтау бөлімінен жалпы палатаға шығарған.

Жәбірленушіні тез арада ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалған.

Кейінгі жылдары Тәжікстанда жастар мен жасөспірімдер арасында пышақтасу күрделі мәселеге айналды. Тәжікстан ІІМ жылда «Пышақ» операциясын жүргізіп, жастардан жүздеген пышақты тартып алады.

Былтыр наурызда Кулябта 10 сынып оқушысын пышақтап өлтірген. Соның алдында ғана Тәжікстан Жоғарғы соты Рудаки ауданының кәмелет жасқа толмаған бір тұрғынын сыныптастар төбелесі кезінде құрдасын өлтіргені үшін 11 жылға соттаған.

XS
SM
MD
LG