Ссылки доступа

Қырғыз президенті әкімшілігі ірі құрылыс жобасы туралы зерттеуге жауап қайтарды


Коррупцияны және ұйымдасқан қылмыстарды зерттеу орталығы (OCCRP), Temirov Live және "Клооп" басылымдары Қырғызстандағы құрылыс және басқа бағыттағы ірі жобалар жөнінде бірлескен зерттеуін жариялады.

OCCRP материалды ағылшын және орыс тілдерінде жариялады. Temirov Live видео түрінде, "Клооп" қырғызша және орысша жариялады.

Зерттеуде мемлекет жүзеге асырып жатқан 11 жоба туралы сөз болады. Оның ішінде алтауының қаржы сомасы 137 млн долларды құрайтыны, қалған бесеуіне қанша ақша бөлінгені белгісіз екені баяндалады.

Жоба ішінде Балыкчыдан Кара-Кечеге дейін салынып жатқан темір жолға шпал дайындау, шекара дауынан кейін Баткен облысында тұрғын үйлер салу, президент әкімшілігінің жаңа ғимаратын салу, Қаракөл әуежайын жаңарту, Асман қаласын салып жатқандар үшін жатақхана салу, Ала-Арча мемлекеттік резиденциясына үйлер салу, Ыстықкөлде балаларға арналған сауықтыру кешенін салу, Ала-Арча ұлттық паркіне қонақ үйлер салу, Ыстықкөлде Жыргалаң демалыс орнын жөндеу және Бішкектегі ипотекалық үйлерді салу бойынша екі жоба аталған.

Зерттеуші журналистер аталған жобаларды жүзеге асыратын бес компания жөнінде зерттеген. Материалдарда олардың бәрінің бір-бірімен байланысы барын, басшыларының презилент Садыр Жапаровқа, оның ұлы Рустам Жапаровқа және президенттің іс басқармасының басшысы Қаныбек Туманбаевқа қатысы бары айтылады.

"Журналистер Туманбаев басқарып тұрған президенттің іс басқармасы жұмысын жақсы білетін адамды тапты. Қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жасырған. Инсайдердің айтуынша, бұл компанияларды Туманбаев бақылайды. Олардың басшылары мен акционерлеріне тек ғана Туманбаев тапсырма беріп отырады", - деп айтылады үш медианың бірлескен зерттеуінде.

OCCRP, Temirov Live және "Клооп" басылымдары айтылған фактілер жөнінде президент әкімшілігінен және президенттің іс басқармасынан пікір ала алмай қойғанын жеткізген.

Алайда материал жарияланған соң президент әкімшілігінің мемлекеттік саясат бөлімі басшысы Дайырбек Орунбеков жазбаша түрде жауап берді.

"Клооп" пен журналист Болот Темиров осыған дейін де көптеген жалған айыптаулар, дәлелденбеген мәліметтер жариялап келді. Бірі елден шығарылған, екіншісінің мемлекет мүддесіне қарсы келетін мәліметтері үшін қызметі тоқтатылған. Келтірілген мәліметтер - манипуляция. Шынын айту керек, оларға ешкім сенбейді. Жақсы жауап бар, "ит үреді, керуен көшеді". Сондықтан бұл зерттеуге көңіл бөлудің қажеті жоқ", - деді Орунбеков Азаттыққа берген пікірінде.

XS
SM
MD
LG