Онда ол аю 4 мамырда өлгенін, бірақ Алматы зообағы бұл жөнінде оларға 22 мамырда ғана хабар бергенін білдірген. Қазақ тарап аюдың өліміне "мұрын және маңдайдың қабынуынан ірің ағып, улы зат ағзаға тарап, мидың ісінуіне алып келгені" себеп болғанын білдірген.
"Бұл ұзақ созылмалы ауру. Аю сіздердің зообақтан ауырып келген екен. Бұл істі тәуелсіз сарапшы, Ғылыми-зерттеу институтының патологиялық анатомия кафедрасының профессоры ашып көрді. Онда тартылған барлық суреттер бар. Бұл материалдардың бәрі сіздерге жіберіледі", - деп жазылған Алматы зообағының Мирослав Бобекке жазған жауабында.
Прага зообағы аюдың Қазақстанға ауырған күйі жөнелтілгенін теріске шығарады.
"Біз оның жағдайы жөнінде соңғы рет 15 сәуірде мәлімет алдық. Онда аюдың жағдайы жақсы екені жазылған. Одан бері ешқандай хабар келмей қалғандықтан, Қазақстанға қызметкерімізді жөнелтуді шештік. Бірақ 22 мамырда Алматы зообағы Томның өлгенін айтқан. Олар бұл хабарды неге 18 күн бойы жасырғанын түсінбеймін. Томның өлімі бойынша ашық тергеуді талап етеміз және шағымды EAZA'ға (Зообақтар мен аквариумдардың еуропалық ассоциациясы), Чехияның Қазақстандағы елшілігіне және Қазақстанның Чехиядағы елшілігіне жібереміз", - деп жазды Бобек.
Том Чехияның Брно қаласында 2007 жылы туылып, Прага зообағында 15 жылдан астам тұрған. Былтыр оның жанындағы Берта атты ұрғашы аюы қатерлі ісіктен өліп қалған. Олардан тұқым алынбағаны 1933 жылы салынған қапастың өте тар екенімен түсіндірілген.
Бұл оқиғадан кейін EAZA ұсынысымен Томды Қазақстанға аударуға шешім қабылдаған. Ассоциация Алматы зообағында Томның жағдайы жақсы болып, ол тұқым тарата алады деп есептеген.
Прага зообағында аюлар үшін жаңа павильон салу жоспарланған. Бұл үшін 1 миллиардтан астам еуро бөлінеді.