Ссылки доступа

Оралда үйі суға кеткен тұрғындар әкімдік алдына жиналды, кейбірін полиция ұстады


21 мамырда Оралда полиция қала әкімдігі алдына жиналған наразылардың кейбірін ұстады. Орал іргесіндегі саяжайларда үйі суға кеткен тұрғындар 20 мамыр күні кешке әкімдік алдына жиналып, баспана мәселесін шешуді талап етті. Полиция "түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз" деді.

Сейсенбі күні таңертең Азаттыққа саяжай тұрғындары хабарласып, өздерін уақытша тұрып жатқан жерінен алып кеткенін хабарлады. Кей тұрғынға әкімдікке баруды ұсынған, ал басқа адамдарға прокуратураға шақырып жатыр деп айтқан.

Соңында оларды полиция бөліміне апарған. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Азаттыққа "тұрғындардың мәселесі бойынша түсіндіру жұмысын жүргіздік" деді. Әңгіме қанша сағатқа созылғанын айтпады.

"Бір адамның артынан бес полицей келді. Тіпті оны дәретханаға жібермей қойды. Біресе қалалық прокуратураға, біресе әкімдікке апарамыз деді. Кеше сұхбат бергендердің бәрін алып кетіп жатыр" деді Орал әкімдігі алдындағы жиынға қатысқан Әлия есімді адам.

Орал іргесіндегі тасқын кезінде үйі тұруға жарамай қалған ондаған адам 20 мамыр кешкі сағат тоғызда әкімдік алдына жиналып, көктемде су басу қаупі жоқ аудандардан өздеріне баспана беруді талап етті.

"Жалғыз үйіміз еді, енді бәріміз эвакуация орталығында немесе жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүрміз. Арамызда көп балалы отбасылар бар, кішкентай балалары бар жанұялар жүр, біз суға кеткен үйге оралғымыз келмейді, онда тұру қауіпті", — деді тұрғындар.

— Қандай да бір нақты жауап естімедім, күн сайын табалдырық тоздырып осында келемін. Күн сайын. Шаршадым, тұратын жерім жоқ. Мені қалалық бөлімге шақырды <…> Мен [су басқан] үйге бармаймын, онда тұру мүмкін емес. Осы уақытқа дейін ешқандай комиссия келмеді. Материалдық шығынға 22 миллион теңге төлеуді талап етеміз, моральдық шығын да сұраймын, — деді әкімдікке барған Дамиля Мурсалимова.

Орал әкімдігі Азаттыққа жауабында "билік өкілдері тұрғындарға үй беру тәртібін түсіндіріп, тасқын салдарын жою және шығынды өтеу бойынша жұмыстар туралы айтып берді" деп хабарлады. Әкімдік алдына жиналғандарға қала әкімі Миржан Сатқанов шыққан, бірақ екі тарап мәмілеге келе алмады.

"Бізге біресе ананы, біресе мынаны айтады. Әкім орынбасары мен әкім екі түрлі жауап береді. Бізді естіп, баспанамызды берсе екен дейміз", — деді наразылар.

Саяжай тұрғындары әкімдік алдында төрт сағаттай тұрды. Тарап жатқанда әкімдікке қайта келетінін айтты.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі әкімдік алдындағы акциядан кейін ешкімді жауапқа тартпайтынын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG