Министрлік мәліметінше, Бішкекте Мохаммад Исхақ Дар ауруханада жатқан пәкістандық студенттердің жағдайын біледі. Бұған қоса, Қырғызстан үкіметі мен сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен кездеседі.
Қазақстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер министрлерінің кезекті отырысы өтті. Қырғызстан мен Пәкістан СІМ басшылары сол жерде жүздесті. Ресми мәліметте олардың Бішкектегі оқиғаны талқылаған-талқыламағаны айтылмаған.
Естеріңізге сала кетейік, 18 мамырға қараған түні Бішкекте Қырғызстан азаматтары мен шетел азаматтары төбелесті. Жиналған жүздеген адам бірнеше талап қойды. Кейін Қырғызстан халықаралық университетінің жатақханасына шабуыл жасалды. Ондаған адам жараланды, 41 адам ауруханаға жүгінді, 11 адам стационарда емделіп жатыр. Осы оқиғадан соң Пәкістанның жүздеген азаматы, көбісі медициналық оқу орындарының студенттері, еліне қайтып кетті.