18 мамырға қараған түні жатақханадағы пәкістандық студенттер шабуылға тап болған.
Қырғызстан үкіметінің мәліметінше, Байсалов шетел студенттері мен мұғалімдерден «шағын ғана бұзағы топтың озбырлық әрекеті үшін кешірім сұраған». Шенеунік жекелеген адамның қылмыстық әрекеті қонақжай дәстүр мен мәдениетке қайшы екенін айтқан.
«Сіздердің ата-аналарыңыз, туыстарыңыз Қырғызстанда ешқандай қауіп жоқ екенін, билік сендердің амандықтарың үшін толықтай жауапты екенін білуі тиіс. Құқық қорғау органдары болған оқиғаны тиянақты түрде тексеріп шығып, кінәлілердің бәрін жауапқа тартады» деп мәлімдеген Байсалов.
Осы жатақханаға шенеунікпен бірге Пәкістанның Қырғызстандағы елшісі Хасан Әли Зайгам және университет ректоры Асылбек Айдарәлиев те барған.
18 мамырға қараған түні университет жатақханасында болған жаппай тәртіпсіздіктен 29 адам зардап шекті. Үш шетел азаматы ауруханаға түсті. Пәкістанның Қырғызстандағы елшісі 14 пәкістандық студент жараланғанын растады.
Ішкі істер министрлігі түнде қалада жиналғандар саны 700-ге жетті, ал таңертең олардың бәрі тарады деп хабарлады.
Бішкек милициясы бұл оқиғадан соң қылмыстық кодекстің 278-бабы ("Жаппай тәртіпсіздік") және 330-бабы ("Нәсілдік, ұлттық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғанын және шетел азаматтары тұратын жатақханаға кіріп, зорлық-зомбылық жасаған жергілікті төрт тұрғынды анықтағанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, милиция олардың екеуін және төрт шетел азаматын ұстаған.
Былтырғы ресми мәліметтерге сай, Қырғызстанда 80 мыңнан астам шетел студенті оқып жатыр, бұл елдегі студенттердің 35 пайызы.
Шетел студенттерінің 61 пайызы – үндістандық, 32 пайызы – пәкістандық.