Ссылки доступа

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары жемқорлық айыбымен сотталды


Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қала әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Мақсұт Исаховтың ісін қарады. Бұл туралы фейсбукте «Шымкент соттары» парағында жарияланды.

Сот Исаховты аса ірі көлемде пара берді деп танып, оны 8 жыл 5 айға соттады. Бұрынғы шенеунік мемлекеттік қызметте лауазымы жоғары орынға отыру құқығынан айрылды. Бұған қоса сот оның «Құрмет» орденін қайтарып алу жөнінде шешім шығарды.

Мақсұт Исаховтың өзі соттың наурызда өткен алғашқы отырысында тағылған айыптармен келіспейтінін айтқан. Ол тергеу барысында өзіне қысым жасалды деп мәлімдеген. Исаховтың ұсталғаны былтыр шілдеде жарияланған.

Айыптау актісіне сай, "2020 жылы қаладағы жылу құбырын жөндеу үшін өткізілген тендерге байланысты дау туып, оны жеңіп алған құрылыс компаниясы Исаховтың үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғалған. Бұл істі жабу үшін Исахов Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Манат Сарбасовқа 200 мың доллар көлемінде пара ұсынған".

49 жастағы Мақсұт Исахов 2023 жылдың 22 шілдесінде қамауға алынған.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

Исахов Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлығына 2020 жылы ақпанда тағайындалған. Оған дейін екі жыл Қазақстан президенті әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып істеген.

Әр жылдары "Қазақстан темір жолы" компаниясында қызмет еткен. Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, автожол және жолаушылар көлігі басқармасының бастығы, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы болған.

XS
SM
MD
LG