Ссылки доступа

Депортация қаупі төнген ауған қазағы Сәми Ата Ғұл бостандыққа шықты


Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген ауған қазағы Сәми Ата Ғұл 15 мамырда Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторынан босап шықты.

Сол күні таңертең ІІМ Көші-қон комитеті қызметкерлері оны үшінші рет ұшаққа салып жіберуге тырысқаны белгілі болды.

Сәми Ата Ғұл 2023 жылдың күзінде Қазақстанға келіп, қандас куәлігін алған. Кейін тұрақты тұруға тіркелуге берген өтініші қанағаттандырылмай, биыл сәуірде Қазақстан соты оны депортациялау жөнінде шешім шығарған.

15 сәуірде Ата Ғұл ұшаққа отырмау үшін Астана әуежайының транзит аумағында паспортын жыртып тастаған еді. Содан кейін оны "жеке басын куәландыратын құжаты болмады" деп 30 күнге қамаған.

Сәми Ата Ғұл 15 мамырда қамаудан босап шыққанда оны құзырлы орган қызметкерлері сол күні үшінші рет ұшаққа отырғызуға тырысқанын айтты.

– [Air Astana әуе компаниясы қызметкерлеріне] ағылшын тілінде "бұлар мені күштеп депорт жасайын деп тұр" деп айттым. [Қасымда тұрған көші-қон комитеті қызметкерлері] маған қазақша сөйле деді. Сосын тағы "өзім кеткім келіп тұрған жоқпын, мені күштеп шығарып жібермек бұлар" дедім. "Олай болса, біз сізді [ұшаққа] тіркемейміз" деп айтты, – дейді Сәми Ата Ғұл сол күнгі оқиғаны баяндап.

Сәми Ата Ғұлдың қоғамдық қорғаушысы оған әлі де қауіп төнуі мүмкін дейді. Оған облыстық полиция қызметкерлері Сәмидің қайта өтініш беруіне мүмкіндігі барын айтқан. Ол алдымен Ауғанстан елшілігі арқылы Ата Ғұлға жаңа паспорт жасатып, сосын азаматтық алуға қайта өтініш беретінін мәлімдеді.

Сәми Ата Ғұл Қазақстанға былтыр күзде үш айлық туристік визамен келген. Ол Ақмола облысы Целиноград ауданы көші-қон комитетіне құжаттарын өткізіп, қандас куәлігін алған. Бірақ аудандық көші-қон қызметі Ата Ғұлдың ел аумағында жүруге арналған виза мерзімі бітіп қалғанын алға тартып, азаматтық алуға берген құжаттарын қабылдамай қойған.

XS
SM
MD
LG