Ссылки доступа

"Алға, Қазақстан!" белсендісіне айыппұл салынды


"Қауіпсіздік органы қызметкерінің талабына бағынбағаны" үшін сот белсенді Эльвира Бекзадинаға 110 760 теңге (250 доллар) айыппұл салды. Бұл туралы 14 мамырда #NotExtremists телеграм-арнасы жазды.

Жексенбі, 12 мамырда полиция Бекзадинаны Астанадағы "Серуен" көпірінен әкетіп, учаскеде бірнеше сағат ұстап отырған.

Qaharman құқық қорғау қорының мәліметінше, белсенді сол күні "президент Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің бес жылындағы бес жетістігі" тақырыбында сауалнама жүргізбек болған.

Белсенді Бекзадина полицияның өзіне күш қолданғанын мәлімдеді. Айтуынша, олар құжаттарын көрсетпеген, ұстау себебін де түсіндірмеген. Сол сәтті тікелей эфирде көрсеткен белсендінің телефонын қолынан тартып алғаны видеода көрінеді. Полиция оны Сарыарқа ауданындағы басқармаға жеткізіп, бірнеше сағат ұстаған.

Бекзадинаның өзі желідегі парақшасында полицейлер "кабинеттен кабинетке сүйреді, шашымнан тартты, қылқындырды, қолымды қайырды. Жедел жәрдем шақырмады, адвокатыма да қоңырау шалмады, телефонымды тығып ұстады" деп жазды.

Qaharman мәліметінше, полиция белсендінің үстінен 24 сәуірдегі басқа оқиға үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырған, белсенді ол күні жақтастарымен бірге "Алға, Қазақстан!" бастамашыл тобын партия ретінде тіркеуге Астанадағы әділет министрлігіне құжат тапсыруға барған. Сол жерде олар өз мәселесі жайлы журналистерге айтпақ болғанда, полиция оларды "өзгелерге кедергі жасадыңыздар" деп сыртқа шығарып жіберген.

Құқық қорғау тобы белсендінің ұсталғаны мен полиция хаттамасының саяси астары бар деп мәлімдеді. "Біз Эльвира Бекзадинаға азаптау көрсеткен полиция қызметкерлеріне тергеу жүргізуді және жаза беруді талап етеміз" деді Qaharman.

Полиция белсендінің ұсталғанына, құқық қорғау тобының айыбына қатысты түсініктеме бермеді.

17 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 71 жасқа толады. Осыған орай Астанадағы оппозиция белсенділері халықтың өміріне оң әсер еткен президенттің бес жетістігі туралы сауалнама жүргізуді жоспарлаған.

  • 29 сәуірде Астанадағы сот "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру тобының белсенділері Амангелді Жахин мен Марат Мұсабаевты 15 тәулікке қамады. Сот оларды 24 сәуірде құжат тапсыруға барғанда "полиция талабына бағынбады" деп шешкен. Белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Кеше, 13 мамырда екі белсенді де изолятордан босап шықты.
  • Тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаев 2023 жылы қарашада "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деп айыпталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
XS
SM
MD
LG