Ссылки доступа

Жезқазған түрмесіндегі азаптау ісі бойынша сот басталды


Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық әскери сотта Жезқазған абақтысындағы азаптау ісі бойынша сот отырысы басталды. 13 мамырда прокурорлар айыптау актісін оқыды.

Іс бойынша ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша №62 мекемесінің және Ұлттық ұланның №6505 әскери бөлімінің 11 қызметкері айыпкер деп танылған. Оларға Ұлытау облысы Жезқазған қаласындағы АК-159/25 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға "қатігездік танытты, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, топ болып денсаулыққа орташа зиян келтіріп азаптады" деген айып тағылды.

Айыптау актісіне сай, айыпкерлер қамаудағы адамдарды қатты ұрып-соғып, есінен тандырған. Түрме қызметкерлері сотталған адамдарға қорлық көрсетіп, зомбылық жасаған деген айыпқа қалды.

Кейбір жәбірленуші құқығы бұзылып жатқанын мәлімдеп, істі судья Тамара Королевская қарайтынына қарсылық білдірді. Олар бұған дейін берген өтініштері қаралмағанына наразы. Сотта жәбірленушілердің бірі өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрағанын, бірақ өтініші орындалмағанын айтты.

Судьяға қарсы болу жөніндегі өтінішті қарауға келген судья Шәріпбеков оған негіз таппағанын айтып, жәбірленушілер өтінішін орындамады. Кейін сот қайта жалғасты.

Жәбірленушілердің бірі полиция қызметкерлерін куә ретінде шақыруды және колониядағы бақылау камераларына түскен видеоны алдыртуды сұрады. Бұған дейін сотталушылар мен олардың адвокаттары соттан қылмыстық істі прокуратураға қайтаруды сұраған.

Сәуірдің басында бас прокуратура Жезқазғандағы мекеменің 11 қызметкерінің үстінен қозғалған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлаған. Прокуратура түрме қызметкерлерінің 11 тұтқынды азаптағанына дәлел-айғақ барын мәлімдеген еді. Бұдан бөлек, хабарламада "қызметкерлер жасаған істерін құқық қорғау органдарынан жасыру үшін басшыларына сотталғандар мекеме мен әскери бөлім қызметкерлеріне бағынбады деп баяндағаны" жазылған. Сол кезде істің сотқа жіберілгені белгілі болды.

Қазақстанда түрмеде жазасын өтеп жатқандар азаптауға жиі шағымданады. Құқық қорғаушылар істердің көбі сотқа жетпейтінін айтады. Қазақстан билігі азаптау барын ішінара мойындайды, бірақ онымен күресіп жатқанын айтады.

Қылмыстық кодексінде азаптау қылмысын жасаған адамды 4 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

XS
SM
MD
LG