Сотталушы сотта соңғы сөзін қағаздан оқып берді.
"[Құдайдың] сынағынан күн сайын өтеміз. 9 қарашаға қараған түні мен ол сынақтан өте алмадым. Өз бойымдағы, әрбір адамның бойындағы жақсы [қасиеттің] бәрін қорладым. Мұны өте қатты түсінемін, уайымдап, өкінемін. Күнде өкінемін. Менің іс-әрекетім сүйікті адамымның өліміне, оның ата-анасының, отбасының, достарының қайғысына себеп болды. Мен олардан тағы да кешірім сұраймын. Бәрінен кешірім сұраймын" деді бастады Бишімбаев.
Экс-министр өзімен азаматтық некеде тұрған Салтанат Нүкенованы "қасақана өлтірген жоқпын", абайсызда солай болды деген сөзін тағы қайталады.
"Мені ұстағаннан кейін бірнеше күн өткенде маған аса қатыгездікпен кісі өлтіру айыбын тақты, оған ешқандай дәлел, қорытынды, сараптама болмады. Тергеу әлеуметтік желілердің қысымына ұшырады, онда [Нүкенованың] көзі ағып кетті, беті ойылып кетті деген жалған ақпарат тараған. Сол сәттен бастап тергеу тек айыптау сарынында өтті" деді сотталушы.
Бишімбаев сот барысында өзін қорғауға мүмкіндік бермеді деп мәлімдеді.
"Бірінші және екінші сараптама қорытындысы өлімге тамыр жарылып кеткені себеп болғанын көрсетті, бірақ оны әдейі істеу, тамырды қолдан жару мүмкін емес. Оның барлық мүшесі, сүйектері, бас сүйегі зақымданбаған. Ешқандай тесік жарақат жоқ" деді Бишімбаев. Сарапшы Тахир Халимназаров марқұм Нүкенованың миында 230 грамм ұйыған қан (гематома) болғанын мәлімдеген. Ол "мұндай көлем өлімге апарып соғады" деді. Сотта куәлік берген сарапшы Нүкенованың басына көп соққы тигенін айтты. "Сот залына кірген жалғыз адам сол болды. Бірақ алғашқы және тікелей сот-медициналық сараптама жүргізген сарапшылардан жауап алуға рұқсат бермеді. Салтанаттың басындағы бұрынғы гематомасын тапқан гистологтардан, Ресей мен Қазақстанның тәжірибелі сарапшыларынан жауап алуға да рұқсат етпеді" деді сотталушы.
«Құрметті сот қазылары, соңғы үмітім – сіздерсіздер. Бұрын кім болғаным, қандай лауазымдар атқарғаным маңызды емес. Мұның бәрі бір мақсатты – өшпенділік тұтатып, объективті болудан тайдыруды көздеп жасалып жатыр. Егер [менің орнымда] бұрынғы министр емес, қарапайым азамат болса ше? Әлеуметтік желілердегі өтірік, қаралау осынша көп болар ма еді? Ол адамды ешқандай айқын дәлелсіз айыптар ма еді?" деп мәлімдеді Бишімбаев.
Судья соттың келесі отырысын 10 мамырға белгіледі.
Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы қинады (қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-тармағы) және аса қатыгездікпен өлтірді (99-баптың 2-тармағы) деп айыпталып отыр. Нүкенова 9 қарашада Астанада айыпталушының отбасына тиесілі BAU ресторанында өлі табылды. Бишімбаев азаматтық некедегі өліміне қатысы барын мойындайды, бірақ тағылған айыппен келіспейді. Ол сотта абайсызда өлімге әкелген жарақатқа себепші болғанын айтты. Бишімбаевтың адвокаттары айыпталушының ойында кісі өлтіру пиғылы болмады дейді.
Бишімбаевпен бірге оның туысы, BAU ресторанына иелік ететін компанияның директоры Бақытжан Байжанов айыпталып отыр. Оған қылмысты жасырды деген айып тағылған. Ол бар болғаны бастығы, өзінен жасы үлкен Қуандық Бишімбаевтың тапсырмасын орындағанын айтады.
Алқабилердің қатысуымен өтіп жатқан сот процесі 27 наурызда басталған. Сот отырысы Жоғарғы соттың Youtube каналында тікелей эфирде көрсетіліп келеді. Сот процесін Қазақстанда және шетелде жүздеген мың адам бақылап отыр.
Осы дау өршіген тұста құқық қорғаушылар Қазақстан билігін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап еткен. Парламент осы талаппен үндес заң жобасын қабылдап, 15 сәуір күні оған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Ел арасында бұл заңды "Салтанат заңы" деп атай бастады.