Ссылки доступа

Қырғызстан: балаларды басып өткен жүк көліктің жүргізушісі үйқамаққа шықты


Қырғызстанның Сузак өңірінде "Манас айтуу" шарасы кезінде балаларды басып кеткен жүк көлігінің жүргізушісі үйқамаққа шықты. Бұл туралы Жалал-Абад облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

2 мамырда Сузак ауданында "Манас айтуу" фестивалінде дөңде тұрған "Хундай-Портер" маркалы жүк көлігі өздігінен жылжып кетіп, шараға қатысып жатқан үш мың оқушының 30-дан астамы зардап шеккен. Бір тобы ауруханаға түскен. Енді бірқатары арнайы бортпен Бішкекке жеткізіліп, ота жасалды.

Милиция көлік қозғалысының және оларды эксплуатациялау қауіпсіздік ережесін бұзу бабымен қылмыстық іс қозғаған. Жүк көлігінің 48 жастағы жүргізушісі ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалған.

Көлік Жерге-Тал ауылының тұрғынына тиесілі. Ол шараға қатысып жатқан балаларға балмұздақ тарату үшін барған. Көлігін өшірмей тоқтатып, өзі түсіп кеткен кезде, көлігі жылжып кеткен.

Оқиғадан кейін аймақтағы милиция басшылары қызметінен алынып, бірқатары қызметтік тәртіптік жазаға тартылды. Аудандық білім беру басшысы да уақытша жұмысынан шеттетілді.

Қатты зардап шеккен бес баланың отбасына президент қорынан 200 мың сомнан, басқа жарақат алған балаларға 50 мың сомнан көмек берілді.

XS
SM
MD
LG