Ссылки доступа

Қырғыз оппозициялық саясаткері бостандыққа шықты


Жогорку Кеңештегі оппозициялық "Бүтін Қырғызстан" фракциясының лидері, жеті айдан бері қамауда отырған Адахан Мадумаров тергеу абақтысынан шықты. Бұл жөнінде Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) алдына шоғырланған жақтастары, журналистер хабарлады.

Осыған дейін Азаттыққа оның адвокаты Кубанычбек Туманов сот шешіміне сәйкес саясаткер 26 сәуірге қараған түні бостандыққа шығатынын мәлімдеген.

26 наурызда Бірінші май аудандық соты Мадумаровты тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танып, мерзімі өтіп кеткендіктен үкім шығарылмады. Саясаткер заң күшіне енгенше абақтыда қалдырылған.

Мадумаровқа қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалған.

Біріншісі - қырғыз-тәжік шекарасындағы жер телімі бойынша 2009 жылы қаулыға қол қойылғаны үшін оған "Мемлекетке сатқындық жасады" деген айып тағылған. Президент Садыр Жапаров осы қаулының салдарынан Баткендегі Төрт-Көчө таласы болғанын айтқан. Алайда саясаткердің сөзінше, ол қаулының ешқандай заңдық күші жоқ.

Екіншісі - Чыңгыз Абдымомунов атты азамат 2015 жылы "Бүтін Қырғызстан" партиясына 50 мың доллар бергенін айтып, оны қайтарып беру өтініші бойынша милицияға арызданған. Бұл оқиға бойынша "Алаяқтық" бабы бойынша іс қозғалған.

Мадумаров 2023 жылдың 2 қыркүйегінде қамауға алынған. Саясаткер өзіне тағылған айыптардың бәрін теріске шығарып, оның саяси астары барын айтып келеді.

XS
SM
MD
LG