Ол бұл сөзін 25 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты 33-сессиясының отырысында айтты. Елде су тасқынының салдарынан жүз мыңнан астам адам үйлерін тастап, ондаған елді мекендерге қатынасу мүмкін болмай жатыр.
"Билік елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданады. Кім айтса да, мұндай бағыттағы түрлі қитұрқылық пен пәлеқорлықты қоғам қатаң сынға алады, құқық қорғау органдары да соған сәйкес әрекет жасайды" деді ол.
Оның айтуынша, азаматтардың Қазақстанға "қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы елдің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімге зор қатер төндіреді". Оның сөзін Ақорда сайты келтірді.
Ол тіл мәселесіне де тоқталды. Тоқаевтың айтуынша, "осындай өте нәзік мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып" стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытқан абзал.
"Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін" деді ол.
Тоқаев өз сөзінде "табиғат апатына қатысты дүрбелең тудырып, байбалам салу, билікті орынсыз айыптау қоғамды ортақ іске ұйыстыруға бөгет болатынын" атап өтті. Бұл "мемлекеттік органдар ахуалды уысынан шығарып алды деген жалған ұғым қалыптастырады" деді. Бұл тұста ол бұқаралық ақпарат құралдары мен "өздерін блогер санайтын" кейбір азаматтарды еске салды.
"Мұндай әрекет әлеуметтік күйзеліс тудырады. Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді" деді Тоқаев.
Ол сонымен бірге төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартып, ұлттық гидрогеологиялық қызметті қалпына келтіруге уәде берді. Қазақстанның 11 өңірінде 20 жаңа су қоймасы салынатынын, 15 қоймаға жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Тоқаевтың сөзінше, бұл 134 елді мекенде су тасқыны қаупін едәуір төмендетуге көмектеседі. Су қоймасын салу жоспары жөнінде үкімет бұған дейін де айтқан.
25 сәуір күнгі ресми мәлімет бойынша, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында шамамен 6 мың үй мен 2,5 мыңнан астам ауладан су сорылып жатыр.
31 416 адам үйлеріне оралған. Эвакуация пунктерінде 8560 адам тұрып жатыр, 3717-сі бала. 11,9 млн шаршы метрден астам еріген қар суы сорылған. 5,6 млн қап және 1,5 млн тонна инертті материал төселген.