Судья Астанадағы уақытша қамау изоляторында тек ҰҚК кіре алатын арнайы қабат болғанын жариялап, оны тексерткізу жөнінде жеке ұйғарым шығарды.
Сот ҰҚК подполковнигі Еркін Амановты 6 жыл, 6 айға, майор Хамит Әбдуғани мен капитан Қайрат Сартаевты бес жылға, ал шекара қызметі күзеті тобының маманы Қуандық Мұхтархановты төрт жылға бас бостандығынан айырды. Оларға 3 жылға дейін органда қызмет етуге тыйым салып, жәбірленушілер қорына 20 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем төлеуге міндеттеді.
ҰҚК-ның бұрынғы қызметкерлері Семейдегі "Алел" қаржы-инвестициялық компаниясы игеріп жатқан Суздаль алтын кенішінде бағалы металдарды жымқырды деп айыпталған 13 адамды "топ болып жәбірледі, асқан қатыгездікпен азаптады" деген айып тағылған.
– 2020 жылы 25 қыркүйекте Астана қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығы, ҰҚК 5-ші департаменті бастығы, Астана қаласы прокурорымен біріккен жоспар жасалып, Астанадағы уақытша қамау изоляторының үшінші қабаты ҰҚК тергеп жатқандарды ұстау үшін бөлінген. Бұл үшінші қабатқа бейресми "спецпродол" деген атау берген. Қамалғандарды "спецпродолда" ұстау, алып жүру үшін ҰҚК төрағасы орынбасарының хаты негізінде 10 шекара қызметінің әскерилері жіберілген, – деді үкімді оқыған судья Ерлан Ибраимов.