Келісімге екі елдің үкіметі 2023 жылғы шілдеде қол қойған, ал наурыздың аяғында Тәжікстан үкіметі құжатты парламентке мақұлдауға жолдаған.
Қорғаныс министрі Шерәли Мирзоның мәлімдеуінше, Анкара әскери техника, соның ішінде дрондар сатып алу үшін 50 млн лир (1,5 млн доллар) бөледі.
«Түркиямен әскери келісім қазіргі заманның қауіптері, соның ішінде терроризм мен экстремизммен күрес үшін аса маңызды» деп мәлімдеген министр.
Келісім шарттарына сәйкес, Тәжікстан Түркия бөлген ақшаны тек қана түрік қорғаныс-өнеркәсіп кешендерінен әскери техника сатып алуға жұмсауы тиіс.
Осы мақсатқа Түркия мемлекеттік бюджеттен 50 млн лир немесе 1,5 млн долларды бес жылға бөледі. Шығын осы сомадан асып кеткен жағдайда, айырмасын Тәжікстан өзі төлеуі тиіс.
Бұған қоса, Тәжікстан осы қаражатқа алған техниканы Түркияның келісімінсіз үшінші бір жаққа бере алмайды. Душанбе мен Анкара келісімді жүзеге асыру барысын жарияламауға уағдаласқан.
Тәжік билігі үшін түріктің «Байрақтар» дрондарын сатып алу өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі 2022 жылы тәжік-қырғыз шекарасында қарулы жанжал болған уақытта, Душанбе қырғыз жағын шекараның кейбір аудандарын дрондардың көмегімен атқылады деп айыптаған. Алайда Қырғызстан мұндай айыптарға ешқандай жауап қатпаған. Содан бері Тәжікстан Түркиядан әскери дрондар сатып алғысы келетінін жиі мәлімдей бастаған.
2022 жылғы мамырда Иран Тәжікстанда Ababil-2 дрондарын өндіретін зауыт ашты деген мәлімет жарияланған. Бірақ кейін Иран бас штабының басшысы Мохаммад Бакири Тәжікстан Ababil-2 дрондарын шекарадағы жанжалдарда пайдалануға құқығы жоқ деп мәлімдеген.