Ссылки доступа

Министрлік: "Ақсай" бөгетін салу кезіндегі заңсыздықтың салдарынан 30 мың адамға қауіп төнді


"Ақсай" бассейнінде салынып жатқан селден қорғайтын бөгеттен заңсыздықтар анықталды, мердігер компания нысанды салу кезінде міндеттемелерін орындамаған деп хабарлады төтенше жағдай министрлігі.

Ведомствоның хабарлауынша, заңсыздықтың салдарынан Алматының 30 мың тұрғынына қауіп төнген.

Мердігер компанияның жауапты тұлғаларына қатысты бюджет қаржысын жымқыру бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр деп айтылады.

Бұған дейін қаржы мониторинг агенттігі Алматыда бөгетті салу кезінде 775 млн теңге қаржы жымқырылған болуы мүмкін екенін хабарлаған.

"Алматыда ТЖМ-нің "Қазселденқорғау" мекемесімен келісімі болған мердігер ұйымның директоры бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Компания "Ақсай өзені бассейнінде селден қорғайтын бөгет құрылысы" жобасын жүзеге асырған. Компанияның жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласып, ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Алдын ала мәлімет бойынша шығын көлемі 775 млн теңгеден астам" деді ведомствоның ресми өкілі Әлібек Әбділов 10 сәуір күнгі брифинг кезінде.

ProTenge телеграм-арнасының жазуынша, құрылысына 22 млрд теңге бөлінген Ақсай бөгетінің сапасы мен құрылыс мерзіміне қатысты "сұрақтар бар". Factcheck.kz сайтының жазуынша, пандемия болған жылы яғни, 2020 жылы жылдам байқау өткізіліп, бөгетке ақша бөлінген. Қорғаныш жабдығы 2022 жылдың соңында дайын болуға тиіс болған, бірақ мерзімі шегерілген, ізінше сотқа шағым түскен.

ProTenge-нің жазуынша, шенеуніктер құрылыс жұмыстары бекітілген жобадан ауытқығанын анықтаған яғни, екі сужібергіш жабдықтың орнына бір жабдық орнатылған. Көп ұзамай мердігермен келісімшарт бұзылған. Осыдан кейін бөгетке тапсырыс беруші "Қазселденқорғау" мердігерді сотқа берген.

"Ақсай" бөгеті Алматының Наурызбай ауданы мен Алматы облысының Қарасай ауданын селден қорғау үшін салына бастаған.

Наурыздың соңында Қазақстанның бірқатар өңірлерін су басып, кейбір су қоймаларында бөгеттер жарылған. Бір күн бұрын қаржы мониторинг агенттігі Алматы мен Ақтөбе облыстарында жарылған бөгеттерге жауапты тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған. Оның алдында Алматы облысының прокуратурасы Ворошилов су қоймасындағы бөгеттің жарылуына байланысты қылмыстық іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG