Ссылки доступа

Орталық Азия елдері Көш-Тепа арнасынан төгілген суға алаңдап отыр


Көш-Тепа су арнасы.
Көш-Тепа су арнасы.

Ауғанстанның солтүстігінде салынып жатқан арнадағы судың далаға кетіп жатқаны Орталық Азия елдерін алаңдатып қойды. Бұл туралы Eurasianet басылымы хабарлады.

Тәліптер басқаратын ауған үкіметі су арнасын салу жобасын асығыс жүргізіп жатыр. Ауған билігі соның көмегімен миллиондаған азаматтың азық-түлік мәселесін шешкісі келеді. Дегенмен, Орталық Азиядағы көршілес елдердің пікірінше, Көш-Тепа арнасы қоршаған ортаға қауіп төндіріп тұр.

Су арнасының құрылысы 2022 жылғы көктемде басталды. «Талибан» қозғалысының ресми өкілдерінің айтуынша, ақпанның аяғында жобаның екінші кезеңі басталған. Құрылыс аяқталған соң, Ауғанстанның солтүстік провинцияларын суғару мақсатында Әмудариядан су алынады. Ауған шенеуніктері жобаны «жасыл революция» деп атаған.

Халықаралық қауымдастық Ауғанстанда экономикалық тұрақтылық орнағанына қарсы емес. Алайда Көш-Тепа жобасы көрші елдерді алаңдатып қойды. Олар су арнасы құрылысының сапасына күмәнмен қарап отыр. 2023 жылғы қарашада спутникте түсірілген суреттерден арнадан көп су далаға жайылғанын байқауға болады. Осы мәселе әлі күнге дейін дау туғызып отыр.

Төтенше оқиға туралы мәлімет аз. Бірақ арна ернеуінің шамамен 30 метрдей жері опырылып, көп су далаға аққаны мәлім.

Су арнадан бір айдан астам уақыт бойы аққан. Сол кезде «Шекарасыз өзендер» экологиялық коалициясы дабыл қаққан. Мамандар спутниктен түсірілген суреттерге қарап отырып арна құрылысы сапасын екенін анықтаған. Мәліметтерге қарағанда, арнаның алғашқы 100 шақырымына құрылыс басталғаннан бірнеше аптадан кейін-ақ су жіберілген. 13 желтоқсанға қарай 30 шаршы шақырым жерге су жайылған.

Тәліптер үкіметі Көш-Тепа құрылысын 2028 жылға қарай аяқтауды көздеп отыр. Ол 285 шақырымға созылады Сарапшылар болжамына қарағанда, арна Әмудария суының 20 пайызын алып отырады.

XS
SM
MD
LG