Ссылки доступа

HRW: Ресейде мигранттарға қысым күшейді


3 сәуір, Мәскеу. Мигранттарға кезекті рейд.
3 сәуір, Мәскеу. Мигранттарға кезекті рейд.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы "Крокус Сити Холлдағы" шабуылдан кейін миграция заңдарын бұзған деген айыппен мигранттарға қарсы сот процестері бір аптада 70% өскенін анықтады.

HRW Ресейдегі орталықазиялық мигранттарға жүріп жатқан істерді "қауіпті" деп атады. 22 наурызда Мәскеуде болған терактіден кейін Ресейде Орталық Азиядан келген мигранттарға қарсы қысым күшейді.

Кейінгі күндері Ресей тәжік мигранттардың көбін депортациялап немесе елге кіргізбей жатыр. Кей азаматтарды ұрып-соғып, намысына тиіп, қоқан-лоқы көрсеткен.

"Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл жасады немесе терроршыларға көмектесті деген күдікке ілінгендердің бәрі — Тәжікстан азаматтары.

Депортацияланған немесе Ресейге кіре алмай қалған тәжіктер ендігі күнін қалай көрерін білмей отыр.

Ресейде 1 миллионға жуық тәжік және қос азаматтығы бар басқа ұлт өкілдері жұмыс істейді. Олардың негізгі табыс көзі – Ресейдегі жұмысы. Өйткені Тәжікстанда жұмыс жоқ.

Толық аты-жөнін атағысы келмеген тәжік дәрігері Замира Ресейдегі өзі танитын мигранттар қысымға қарамастан, елден кетпеуге бекініп отыр дейді.

Замира мен күйеуі Ресейдің Иванов облысындағы ауылдық ауруханада істейді. Олар ауылдан үй салып, дос тауып, жергілікті адамдардың арасына сіңісіп кеткен.

— Ешкім бетіме келіп сөйлеген жоқ. Бірақ адамдар терактіні айтып, ашуланғанда, өзімді кінәлі сезінемін. Шабуылдаушылардың тәжік болғаны жаныма батады. Бұл терактінің мүлде болмағаны жақсы еді, — дейді Замира. Ол Ресейдегі тәжіктердің көбі осындай күйде жүргенін айтады.

Замираның әулетінен 20 шақты адам Ресейде жұмыс істейді. Олардың бәрінің тұрғылықты мекенжай анықтамасы бар. Кейбірі азаматтық алуға өтініш берген.

— Ешқайсымыз Тәжікстанға қайтпаймыз. Осында қаламыз. Бәрі басылар деген үмітпен ақырын күтеміз, — дейді Замира.

XS
SM
MD
LG