Ссылки доступа

Тәжікстан президентін интернетте балағаттағандар бірден түрмеге түсуі мүмкін


Сафаргүл Ғафурова бір сәтте екі немересінің күтімінен айрылды: біреуін армияға алып кетті, екіншісін билікті сынағаны үшін соттады.
Сафаргүл Ғафурова бір сәтте екі немересінің күтімінен айрылды: біреуін армияға алып кетті, екіншісін билікті сынағаны үшін соттады.

Шахбоз Шәріфбек ешқандай саяси, діни немесе әлеуметтік топқа мүше болған емес. Ол Тәжікстандағы миллиондаған азаматтардың бірі.

Шарифбек күн көру үшін тынымсыз жұмыс істейді, Душанбе шетіндегі кедей отбасын асырайды.

Жақында 23 жастағы жігіт «әлеуметтік желілерде экстремистік әрекетке үндеді» деген айыппен бес жылға сотталды. 2023 жылғы қазанда ол билікті, соның ішінде президент Эмомали Рахмонды сынайтын видео түсіріп, оны әлеуметтік желілерге жүктеген. Айып осы видеоның негізінде тағылған.

Вахдат ауданындағы ауылдағы үйінде түсірілген бұл видеода Шәріфбек жергілікті шенеуніктерді бауырын армияға мәжбүрлеп алып кеткенін, бұған қоса олар әжесіне қол көтергенін айтқан.

Шәріфбектің ісі көптеген тәжікстандықтардың ашуын туғызды, себебі олар үкіметтің сын айтушыларды ашықтан-ашық жазалап жатқанын көріп отыр.

Кейінгі бірнеше жылда Тәжікстанда ондаған тәуелсіз журналист, белсенді және саясаткер сотталып, үкімет пен оның саясатын сынайтын ақпарат құралдары жабылған.

Бірақ Шәріфбектің түрмеге түсуі басқа да қарапайым азаматтарды билікті сынағаны үшін осындай жаза күтіп тұрғанын білдіреді, сол себепті олар үнсіз қалуы керек.

Шәріфбектің 15 қазанда жариялаған видеосын 1 миллионнан астам адам көрген. Келесі күні автор ұсталып, әлеуметтік желілердегі жазба өшірілген.

Тәжік адвокаттарының пікірінше, бұл видеода Шәріфбек сотталған қылмыстық іс белгілері жоқ.

«Шәріфбектің әрекетінде ешқандай экстремистік элемент байқалмайды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғау – биліктің басқа да тәжікстандықтарға жолдаған ескертуі» дейді адвокат Шухрат Кудратов.

Қазір Шәріфбек Худжандтағы түрмеде жазасын өтеп жүр. Оның бауыры да Соғды облысындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет атқарады.

Туыстары президент Эмомали Рахмонға, басқа да шенеуніктерге хат жазып, араша сұраған, бірақ ешкім жауап жазбаған. Сотталушының туыстарының Шәріфбекті сот кезінде қорғау үшін адвокат жалдауға шамасы жетпеген.

XS
SM
MD
LG