Жәбірленушінің айтуынша, оқиға 2023 жылғы жазда болған. Жергілікті учаскелік милиционер Нусратов арызына негіз жоқ десе, жәбірленуші «дұрыс тексерген уақытта бәрі анықталар еді» деп есептейді.
Идибек Нусратов 35 жаста. Ол милициядан қолдау таппаған соң журналистерге жүгінуге мәжбүр болған. Оның айтуынша, болған оқиғаны сөзбен жеткізу оңай емес.
«Мен көрші тұратын екі жас жігітке қарыз бердім. Олар мені әңгімелесуге шақырды. Қарызды қайтаратын шығар деп ойладым, бірақ олар мені ұрып-соғып, телефонымды тартып алды. Олар аузымды жауып, аяқ-қолымды байлап, ұрды. Мен мүгедек болып қалдым» дейді Идибек.
Нусратовтың айтуынша, соның салдарынан оның жыныс мүшелеріне зақым келген. Дәрігерлер оның қуығына операция жасаған. «Дәрігерлер қарады. Мен оларға денемде темекі күйдірген із бар екенін айтып, милиция шақыртуын сұрадым. Бірақ дәрігерлер милиция шақыртпады».
Идибек Нусратовтың айтуынша, олар 20 мың рубль қарызды қайтаруды талап еткені үшін ұрып-соққан. Қарыз ақыры қайтарылмаған.
Азаттықтың Тәжік қызметі Идибек айыптаған жігіттердің бірімен сөйлесті. Душанбе тұрғыны Рахмонәли Фахриддинов бәрін жоққа шығарып отыр.
«Мен одан ешқашан қарыз алған емеспін. Ол ақша бергенін басқа адамдардың көзінше дәлелдей алмады. Оны басқа біреулер ұрған, ал ол бізді айыптап отыр. Ол милицияға арыздандан, біз де сонда бардық, бірақ ол ештеңе дәлелдей алмады. Біз оны ұрмадық. Ол бізге жала жапты. Мен оны жала жапқаны үшін жауапқа тартқанын қалаймын».
Ауруханадағылар Нусратов жыныс мүшесін емдеткенін растап отыр.
Идибек Нусратов үш баланың әкесі, қазір жұмыссыз. Бұрын Ресейде еңбек мигранты ретінде жұмыс істеген.