Ссылки доступа

Тәжікстанда құқық қорғаушылар тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жаза белгілеуді сұрайды


«Тәжікстанда кем дегенде әрбір екінші әйел күйеуінен, оның туыстарынан немесе отбасының басқа да мүшелерінен соққы көрген, психикалық немесе экономикалық зорлыққа ұшыраған».

«Тұрмысқа шыққан соң менің өмірім аяқталды» деп аталатын зерттеуде осылай деп жазылған. «Тәжікстанда әйелдердің тұрмыстағы тауқыметіне» арналған бұл зерттеуді Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік ұйымы дайындап, биыл ақпанда жариялады. Оны дайындауға «Нотабене», «Сіздің таңдауыңыз», «Құқықтық бастама» секілді қоғамдық қорлар көмектесті.

Зерттеушілер 2023 жылғы қарашада Тәжікстанға келіп, зорлық көрген 25-тен астам әйелден мәлімет жинады, сонымен бірге жергілікті және халықаралық сарапшылардың, белсенділердің, заңгерлер мен құқық қорғаушылардың пікірін білді.

Құқық қорғаушыларды көпшіліктің әйелге жасалатын озбырлықты «әр отбасының өз шаруасы, ешкім араласпауы керек» деп есептейтіні қынжылтады.

Баяндама авторлары Тәжікстан билігіне отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмысқа жатқызып, оны жасағандардың ісін прокуратура қарауы тиіс деп кеңес берген.

XS
SM
MD
LG