Ссылки доступа

Кулябтағы құқық қорғау органдары биыл баспасөз конференциясын өткізуден бас тартты


Тәжікстанда Хатлон облысының құқық қорғау органдары өкілдерінің дені биыл жергілікті журналистермен бетпе-бет кездесуден бас тартты. 13 жыл бұрын тәжік президенті мемлекеттік органдарға жылына екі рет баспасөз конференциясын өткізуді тапсырған.

Президент жарлығына сәйкес, министрліктер мен комитеттер ғана емес, барлық ұйымдар мен мекемелер, Таулы Бадахшан автономиялы облысының, Соғды және Хатлон облыстарының, Душанбе қаласының, қалалар мен аудандардың билігі атқарылған жұмыс туралы есеп беруі тиіс.

Биыл баспасөз конференциялары 30 қаңтарда басталып, 17 ақпанға дейін созылды. Алайда Куляб өңірінде ішкі істер басқармасы, өрт қауіпсіздігі қызметі, жол полициясы, қаржы полициясы, әскери прокуратура, есірткі саудасымен күрес агенттігі биыл журналистермен кездесу ұйымдастырмады.

Кулябтағы журналист Билол Шамстың пікірінше, жергілікті шенеуніктер осы әрекетімен өңір тұрғындарын ақпарат алу құқығынан айырып отыр.

Аймақтағы журналистердің кейбірінің айтуынша, жергілікті шенеуніктер журналистерден қашқақтайды, өйткені сыннан қорқады. Шенеуніктер бетпе-бет кездесу былай тұрсын, журналистермен телефонмен де сөйлескісі келмейді.

«Пайк» апталығының бас редакторы Ахмади Иброхимнің пікірінше, өңір басшылары түк бітірмегендіктен журналистермен кездескісі келмейді.

Халықаралық ұйымдар Тәжікстан билігін сөз еркіндігін шектеді деп жиі сынап жүр. Мәселен, Журналистерді қорғау жөніндегі комитеті (CPJ) биыл 4 қаңтарда жылдық баяндамасын жариялап, Тәжікстанда 2022-2023 жылдары баспасөз өкілдерін қудалау күшейгенін жазған. Кейінгі бір-екі жылда республикада жеті журналист сотталған.

XS
SM
MD
LG