Ссылки доступа

Құқық қорғаушы, белсенді Айдар Сыздықов 15 тәулікке қамалды


Құқық қорғаушы, белсенді Айдар Сыздықов 15 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде саяси қудалаулар туралы ақпарат тарататын Тirek.info сайты хабарлады.

Сайттың жазуынша, Айдар Сыздықовты Астана полициясы 1 наурызда ұстаған. Оған былтыр 17 наурызда Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі алдында саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, бейбіт наразылыққа қатысқаны үшін – "бейбіт жиын туралы заңды бұзды" деген айып тағылған. Сайт мұны 2024 жылы 8 наурыз алдындағы ықтимал наразылық алдындағы "превентивті қудалау" болуы мүмкін деп топшылайды.

Sud.kz сайтында жарияланған сот шешіміне қарағанда, Айдар Сыздықовқа 488-баптың 6-бөлігі ("Бейбіт жиын туралы заңды" бұзу) айып тағылған. Сот шешіміне сүйенсек, 2023 жылдың 17 наурызында Сыздықов "Астанадағы Космонавт көшесіндегі "Ренко" бизнес орталығының алдында "Саяси тұтқындарға бостандықты" талап етіп, "заңсыз митингіге қатысқан".

Сот отырысында құқық қорғаушы өзінің заң бұзбағанын, болған оқиғаны видеоға түсіріп, кетіп қалғанын, бұл митинг емес екенін айтқан. Адвокат Мейіржан Досқараев "әкімшілік құқық бұзушылық жоқ болғандықтан" Сыздықовқа ашылған өндірісті тоқтатуды сұраған.

Белсендінің қамау мерзімі 1 наурыз кешкі сағат 6 жарымнан бастап есептеледі.

Айдар Сыздықов – саяси тұтқындарды босатуды талап еткен акцияларға жиі қатысып жүрген азаматтық белсенді, құқық қорғаушы. Ол желтоқсанда да 15 тәулікке қамалған. Сол кезде жақтастары оның соққыға жығылғанын хабарлаған еді.

XS
SM
MD
LG