Душанбе қаласындағы аудандардың бірінде тұратын азамат қалада электр жарығы тағы сөніп қалғанына осылай шағымданды. Қыстың суық күндері астанада күнде төрт сағат бойы жарық сөніп тұрады. «Балаларға обал. Он қабат көрпеге орап тастаймыз. Сонда да тоңып жатыр» дейді Душанбе тұрғыны.
Тәжікстанда бұған дейінгі жылдары да қыста жарық жиі сөнетін, бірақ үкіметтің электр энергиясын үнемдеу жоспарынан көбіне ауыл тұрғындары жапа шегетін. Енді астаналықтар да қыста жарықсыз отырудың қиындығын түсіне бастады.
Душанбеліктер үйді жылытудың ескі әдістеріне көшуге мәжбүр болған. Тұрғындардың кейбірі газ баллонын жағып отыр, тағы біреулер көп қабатты үйдегі пәтерге пеш орнатып алған.
Суыққа шыдай алмаған астаналықтар суық пәтерлерін тастап, туыстарына кетіп жатыр. Кейбірі жер үй жалдап тұруға мәжбүр.
«Жарық жиі сөнеді. Балалар тоңып қалмасын деп жер үйді жалға алдық. Бір аптадан соң пәтерімізді тонап кетті. Үйге қайтуға мәжбүр болдық» дейді Сино есімді келіншек.
Билік Душанбеде электр жарығының неге жиі сөніп қалып жатқанының себебін түсіндірмеді. 1 ақпанда энергетика министрі Далер Жұма «электр энергиясына сұраныстың артуына байланысты шектеу қойылғанын» мәлімдеген. Министр Тәжікстандағы энергетика тапшылығының бір себебі ретінде «климаттың өзгеруін» атаған.