Ссылки доступа

Transparency International Қырғызстанды "Шетел өкілдері туралы" заң жобасын қабылдамауға шақырды


Transparency International халықаралық ұйымы Қырғызстанды "Шетел өкілдері туралы" заң жобасын қабылдамауға шақырды. Ұйым бұл мәлімдемесін 21 ақпанда ресми сайтында жариялады.

Transparency International ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық кеңесшісі Алтынай Мырзабекова аталған заң жобасы Қырғызстанның адам құқықтары бойынша халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемесіне қайшы келеді деді.

Оның ойынша, егер заң жобасы қабылданар болса, қоғамдық диалог орнату бағытында шетелден грант алып жұмыс істейтін ұйымдар қиындыққа тап болады.

"Ұйымдарды шетел өкілі ретінде тіркейді де, оларды қатаң бақылауға алады. Не болмаса, "шетел өкілдері" деп жауып, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын тоқтатуы мүмкін", - делінген мәлімдемеде.

Transparency International Қырғызстанды "шетел өкілі" заң жобасын қабылдамауға шақырған жалғыз ұйым емес. Оның алдында Human Rights Watch, Amnesty International және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының заңгерлері де үндеу жасаған.

Дегенмен, 22 ақпанда қырғыз парламенті аталған заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

XS
SM
MD
LG