Ссылки доступа

Жаңаөзенде ереуілдеген мұнайшылар әлі талаптарының орындалмағанын айтады 


Полиция сәуірде Астанадан күштеп үйлеріне қайтарған "БерӘлі Маңғыстау Company" мұнайшыларының "Өзенмұнайгаз" компаниясы кеңсесі алдында тұрғандарына бір айдан асты.  

Олардың сөзінше, жұмысқа орналастыру мен бірдей жалақы туралы талап әлі орындалмаған. "Қазір Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаздың" алдында ереуілдеп тұрмыз. Бұрын істеген "БерӘлі" компаниясы жұмысқа шақырып жатыр. Оған жұмысқа барғымыз келмейді. Себебі, онда жұмыс тұрақсыз", - дейді ереуілдеушілердің бірі Ербол Жанбаев.

14 мамыр күні жергілікті БАҚ "БерӘлі Маңғыстау Company" жұмысшыларының жұмыс орнына оралғанын хабарлаған. Компания басшысы 80 адам жұмысқа орналасты деген.

"Біз бұрынғы жұмысшыларымызға қамқорлық жасаймыз. Олардың құқығын құрметтейміз және пікірімен санасамыз. Жұмыс бір айдан көп уақытқа тоқтатылды. Көптеген келіссөздер болды", - деген "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС директоры Ерлан Жүзбаев.

"БерӘлі" директорының бұл сөзімен ереуілдеп тұрған мұнайшылар келіспейді. Олар бұл жұмысқа бұрынғы жұмысшыларды шақырып алғанын, олармен бірге тендерден ұтып алған ұңғымаларды жою жұмысын бастауға тырысып жатқанын айтады. Бұл мәселеге қатысты компания басшылары журналистерге жауап бермеді.

Наразылармен кездесуге және "Өзенмұнайгазды" тексеруге барған комиссия мүшесі, "Қазмұнайгаз" ҰК басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасановтың сөзінше, арыз-шағымдарды тексеру әлі жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG