Ақпаратқа қарағанда, Шәріпов былтыр қарашадағы президент сайлауына қатысты, Ермольчева биыл парламент сайлауынан кейінгі акция үшін сотталған. Сотта белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ.
7 мамырға қараған түні бір топ адам белсенділерді қолдап, полицияға барған. Бірақ олар сотқа қатыса алмады.
Адвокат Елена Жигаленок жарты жыл бұрын болып кеткен оқиғаға байланысты кенет осындай шешім шыққанына таңданғанын айтты.
"[Сол митингіден] бері 7 ай өтіп кетті. Тіпті заңбұзушылық болса да, яғни, ескертусіз бейбіт митинг болса да, жарты жылдан кейін жазалайтындай оның қандай да бір салдары болған жоқ қой" деді адвокат.
Былтыр қарашада кезектен тыс президент сайлауы өткен күні Алматыда Тәуелсіздік монументі алдында "Oyan Qazaqstan" қозғалысының бірнеше белсендісі жиналып, "Әділ сайлауға жететін күн бар ма?" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған.
Акцияға шыққандар аузына "Ұрма, атпа", "Ұрпақ үшін", "Қанды қаңтар" деген жазуы бар қағаздар жапсырып алды. Осылайша олар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қантөгіс болған Қаңтар оқиғасы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін еске салған. Сәлден соң полиция оларды ұстап әкеткен. Акцияны өткізгендер арасында Дархан Шәріпов пен Влада Ермольчева да болған.
Биыл 26 наурызда – парламент сайлауынан кейін шамамен бір апта өткен соң Алматыда Влада Ермольчева әділетсіз сайлауға қарсы акция өткізген. Арбатта өткен акция кезінде белсенді Влада Ермольчева "демократия", "конституция", "сайлау құқығы", "Жаңа Қазақстан" деген жазуы бар шарларды жарды. Әр шарды жарған сайын "бізден демократияны, конституцияны, сайлау құқығын, Жаңа Қазақстанды ұрлап әкетті" деп отырды. Акция басталғанына 5 минут өтпей жатып, полиция оны ұстап әкетті.
Аталған екі сайлауда да тәуелсіз бақылаушылар бюллетеньді топтап салу, бір адамның бірнеше рет дауыс беруі, бақылаушыларды учаскеден шығару, оларға қысым көрсету сияқты, дауыс санауда ашықтықтың болмауы сияқты заңсыздықтар болғанын мәлімдеген. Билік екі сайлауда да "нәтижесіне әсер ететіндей көп заңбұзушылық болмады" деп айтқан.