Ссылки доступа

Қазақстан тәліптермен ынтымақтастықты дамытуға не себептен ниетті екенін түсіндірді  


"Қазақстан Ауғанстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға неге мүдделі болып отыр?" деген журналистер сұрағына бүгін сауда министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысынан кейін жауап берді деп жазады жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары.

"Біз Ауғанстанмен ынтымақтастықтамыз, сауда жасаймыз. Саудамыз жақсы жүріп жатыр, 1 миллиард долларға жетті. Бұл Әзербайжанмен және Түркіменстанмен сауда-саттығымыздан да көп. Демек, саясат саясатымен, ал экономика экономикасымен. Біз бұл сауда ынтымақтастығын дамытамыз. Оларға бидай, ұн және күнбағыс майын бұдан да көп жеткізетін мүмкіндігіміз бар. Одан неге бас тартуымыз керек?" деген министр сөзін Informburo.kzтаратқан.

Жұманғарин Қазақстан Ауғанстанда сауда үйін ашып, сауда өкілін тағайындағанын да еске салған. Өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ауғанстанның Герат қаласында Қазақстанның сауда үйі ашылғанын хабарлаған.

"Ауғанстан үлкен әрі алуан түрлі. Нарықты зерттеп, жергілікті кәсіпкерлермен танысу керек. Ауған кәсіпкерлерін шақырып, бизнес-форум өткізгім келеді. Олар Қазақстанды, мүмкіндіктерімізді көрсін. Азық-түлікпен айналысатындарды ғана емес, соңғы жолы жер қойнауын пайдаланушыларды да апардық. Өйткені ол – жер қойнауын пайдалану жағынан біршама бай ел. Олар қатты қызықты" дейді министр.

Бұған дейін БАҚ-та Қазақстан премьер-министрінің орынбасары әрі сауда министрі Серік Жұманғариннің Кабулде "Талибан" үкіметінің вице-премьері Абдул-Ғани Барадармен экономика мәселесі бойынша келіссөз өткізгені туралы ақпарат жарияланған.

Бұл кездесуде тәліптер Астанадағы Ауғанстан елшілігінің ғимаратын (ауғанның бұрынғы билігінің дипломаттары отырған) сұрағаны, Қазақстан жағы тәліптер жіберген дипломаттарды қабылдауға уәде бергені айтылған. Сыртқы істер министрлігі 17 сәуірдегі брифингінде Ауғанстанның жаңа әкімшілігінің өтініші орындалатынын мәлімдеген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі мұның бәрі "біз тәліптер үкіметін ресми түрде мойындадық деген сөз емес" деген болатын.

"Талибан" қозғалысына террор ұйым ретінде әлемнің көп елінде, соның ішінде Қазақстанда да тыйым салынған. Алайда Астана Ауғанстан билігін тәліптер басып алған соң да Кабулға ресми делегациясын жіберген, Қазақстанның Кабулдағы елшілігі де жұмысын тоқтатпаған. Қазақстан Ауғанстандағы "Талибан" үкіметін ресми түрде мойындамаған, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев "гуманитарлық мәселелерді шешу үшін" Ауғанстанның жаңа билігімен байланыс орнатуға дайын екенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG