Ссылки доступа

Берлинде наразылық акциясына қатысқан тәжік белсендісіне қылмыстық іс қозғалды 


Сино Вазирбеков
Сино Вазирбеков

Таулы Бадахшан автоном облысында 13 жылға сотталған азаматтық белсенді Рамзи Вазирбековтің бауыры Сино Вазирбековке қылмыстық іс қозғалды. Ол Берлинде оппозиция тараптың митингісіне қатысқаны үшін экстремизм бойынша айыпталды.

Сино Вазирбеков Озоди радиосына Берлиндегі наразылық акциясына қатысқанын растады. Бірақ ол ешбір саяси ұйымға мүше емес екенін мәлімдеді.

25 наурызда тәжік оппозиционерлері Бундестаг ғимаратының алдында митинг өткізген. Қатысушылардың арасында 30-ға жуық таулы бадахшандық азамат болды. Наразы топ Германия және Еуропа үкіметін Эмомали Рахмонды қабылдамауға шақырған.

"Биліктен Бадахшандағы шектен шығуды тоқтатуды талап етем. Мені қылмыскерлердің қатарына қосып қоятын шығар деп ойлағам. Бірақ өзімді қылмыскер деп есептемеймін. Керісінше, зорлық-зомбылыққа қарсы шығу менің міндетім", - деді Сино Вазирбеков.

Вазирбеков соңғы жарты жылдан бері Еуропа елдерінің бірінде тұрады әрі сол елден саяси баспана сұрап жүрген.

Азаматтық белсенділер Ораз Вазирбеков пен Рамзи Вазирбеков Ресейде жұмыс істеген. Олар 2022 жылдың маусым айында Екатеринбургтан ұшып келгеннен кейін Мәскеудегі Домодедово әуежайында жоғалып кеткен. Көп өтпей олар "өз еркімен қайтып келіп, Таулы Бадахшандағы наразылықтарға байланысты тергеу ісіне көмектесіп жатқанын" жеткізген.

5 қрашада Ораз Вазирбеков Тәжікстан билігін күшпен құлатуға әрекет жасады деген айыппен 16 жылға, Рамзи Вазирбеков 13 жылға бас бостандығынан айырылған.

2022 жылдың мамыр айында Таулы Бадахшан автоном облысындағы ондаған адамның өмірін алған жаппай тәртіпсіздіктен кейін Тәжікстанның құқық қорғау органдары жүздеген адамды, оның ішінде жергілікті белсенділерді қамауға алған. Олардың бірқатарына үкім шығып, ұзақ мерзімге сотталған.

XS
SM
MD
LG